Ақтөбелік жастар өлкені көркейтуге белсене қатысуда

27 шілде, 2018, 10:23 2776 Ақтөбе облысы
Ақтөбелік жастар өлкені көркейтуге белсене қатысуда

Ақтөбе облысында жастардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу жөнінде кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Осы мақсатта студенттердің құрылыс жасақтарының және "Жасыл ел" жасақтарының жұмысына жаңашылдықтар енгізілді. Егер өткен жылдары жасақтар тек жазғы мезгілде жұмыс істесе, енді осы жылдан бастап жастар жыл бойына жұмыс істеуге және еңбекақы табуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Биылғы жылы еңбек жасақтарына барлығы 5 500-ден астам жастар қатысады. Олардың әрқайсысымен жеке еңбек шарты жасалынады. Ай сайынғы еңбекақысы 50-55 мың теңге құрайды. Жұмыстарды ұйымдастыруға барлығы 400 миллионға жуық теңге бөлінді.

Өңірде жасақшылардың еңбектегі жетістіктері қосымша марапатталады – осы жылы ең үздік сексен адамға Астанаға жолдама сыйлыққа берілетін болады.

Қазіргі уақытта жасақшылар Ақтөбе мен облыстың басқа да елді-мекендерін көркейтумен және көгалдандырумен, "Нұрлы жер" және "Туған жер" бағдарламалары аясында тұрғын үйлер мен маңызды әлеуметтік нысандар тұрғызумен айналысуда.

Одан басқа, жасақтар экологиялық акцияларға да белсенді қатысуда. Мысалға, көктем келгелі бері олар Елек, Қарғалы өзендерінің, Ақтөбе су қоймасының жанындағы Ақтөбе тұрғындарының  демалатын жерлерінен 15 тонна қоқыс шығарды.

"Жасыл ел" еңбек жасақтарын ұйымдастыру, оларға  жастарды орналастыру және еңбекақы төлеу бойынша  Ақтөбе облысы  алғашқы орындардың бірін алып отыр. 2017 жылы облыстық штаб "Республикалық үздік штаб" атағына ие болды.

 2005 жылдан 2007 жыл аралығында облыстың студенттік жасақтары қатарында 50 мыңға жуық жастар еңбек етті. Олар 900 мың ағаш отырғызып, 10 мың тонна қоқыс жинап, оларды шығарды, 2520 гектар саябақтар мен гүлзарларды жасылдандырып, 1200 объекті тұрғызды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: