Алакөлдің су құрамында радон бары ғылыми түрде дәлелденді - Жаңалықтар | BNews

Алакөлдің су құрамында радон бары ғылыми түрде дәлелденді

19 ақпан, 19:56 1993 Шығыс Қазақстан облысы
Алакөлдің су құрамында радон бары ғылыми түрде дәлелденді

Ғылыми зерттеу "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында "Шығыс Қазақстанның інжу-маржаны" жобасын іске асыру бойынша қолға алынған. Бүгінде зерттеу жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталып отыр.

Қазақстанда тұңғыш рет көлдер мен қайнарларға бальнеологиялық зерттеу жүргізілді. Ғалымдар облыстағы 8 көл мен 2 қайнардың суы мен батпағының құрамының физика-химиялық қасиеттеріне зерттеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеу нәтижесінде Алакөлдің суында адамның буын аурулары, тері аурулары, қан айналымы жүйесіне және тағы басқа да пайдасы зор радон көрсеткішінің жоғары екені ғылыми түрде дәлелденді, деп хабарлайды BNews.kz аймақтың орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

"Аймақтағы туризмді дамыту мәселесіне атүсті қарауға болмайды. Барлығына ғылыми дәлел қажет. Сондықтан облыстағы көлдер мен қайнарлардың құрамын зерттеуге ғалымдарды қатыстырып отырмыз. Мысалы, Алакөлдің шипасы жайлы ел-жұрт бұрыннан біледі, туристердің көптеп ағылуы да соңдықтан. Алайда су құрамында радон көрсеткіші жоғары екенін терең зерттеу нәтижесінде анықтап отырмыз. Бұрын радон тек Рахман қайнарларында ғана бар деп есептелетін",- деді Шығыс Қазақстан облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан  Сәрсебаев.

Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-нің ғылыми жұмыс және иннновациялар жөніндегі проректоры Олег Гавриленконың айтуынша, зерттеудің бірінші кезеңінде  Алакөл, Зайсан, Марқакөл, Сібе көлдері, Шыбындыкөл, Дубығалы (Окуньки), Рахман қайнарлары, "Барлық-Арасан" және Қоңыр Әулие бұлағы мен Қасиетті бұлақтың су құрамы мен батпағынан үлгілер алынған.

Айта кету керек, елімізде бальнеологиялық қортынды жасайтын институт болмағандықтан зерттеуге Ресейлік мамандар да тартылды. Ресей Федерациясының Томск қаласының курортология және физиотерапия ғылыми-зерттеу институты Бесқарағай ауданындағы Шошқалы көлі суының минералдану және негізгі иондық-тұздық құрамы 30% артық екенін де дәлелдеп отыр.

2018 жылы, яғни зерттеу кезеңінің екінші кезеңінде Шығыс Қазақстандағы тағы 4 көлдің суы мен емдік батпағы құрамының физика-химиялық қасиеттері тексеріліп, табиғи минералды суларды пайдалану үшін бальнеологиялық қорытынды жасау жоспарланып отыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары