Алдағы уақытта Алматыдағы жерасты өткелдерінен Абайдың өлеңдерін оқуға болады - Жаңалықтар | BNews

Алдағы уақытта Алматыдағы жерасты өткелдерінен Абайдың өлеңдерін оқуға болады

31 шілде, 19:17 2162 Алматы
Алдағы уақытта Алматыдағы жерасты өткелдерінен Абайдың өлеңдерін оқуға болады

Алматыдағы 48 жерасты өткелі күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Алматыда тозығы жеткен жерасты өткелдері қазір жаппай жөнделіп жатыр. Көктемнен бері басталған жұмыстар жаз соңында аяқталуға жақын. Қараусыз қалған өткелдер енді көрікті кейіпке еніп, толықтай өзгереді, деп хабарлайды BNews.kz  almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Енді біраз уақыттан кейін жерасты өткелдерінен ұлы ақын Абайдың өлеңдерінен үзінділер көруге болады. Сондай-ақ, суретшілер қазақтың кең байтақ даласы мен әсем табиғатын қабырға бетіне түсіріп жатыр.

Абай мен Абылай хан даңғылдарының қиылысындағы жерасты өткелі Ұлттық кітапханаға жақын орналасқандықтан қабырғаға осындай стильде сурет салу жоспарланыпты. Жоба бойынша еден плиткадан, ал қабырға арнайы өңделген құммен жасалған. Ал суретшілер бояуы 10 жылға дейін шыдас береді дейді. Оған қоса, жерасты өткеліне жолы түскендер қазақ әдебиетінен сыр шертетін үздік туындылармен таныса алады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына осы жылғы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" деп аталатын Жолдауындағы "Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу" атты бөлігінде атап өткендей, құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолдану керек.

"Мұнда Абайдың бірнеше өлеңдерін сырлы бояумен саламыз. Шығарманың мағынасына қарай қосымша сурет те салынады. Арнайы жаңартылған жерасты өткелдеріне ерекше эскиз дайындап, дизайн бекітілді. Халық нәтижесін жақында өздері көреді", - деді Әбілхан Қастеев атындағы Өнер және дизайн мектебінің мұғалімі Роза Жақыпова.

Жақында жаңартылған жерасты өткелдерінде жан тыныштандыратын әуен қосылып, отырғыштар қойылады. Оған қоса, тегін ғаламторға да қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Осылайша, қоқыстан көз ашпайтын жер жуық арада жанға жайлы мекенге айналмақ. Ал қауіпсіздікті күшейтіп, қылмыстың алдын алу мақсатында бірнеше бейнебақылау камералары орнатылмақ. Ол тікелей Ішкі істер департаментіне қосылады дейді Алмалы ауданы әкімдігінің өкілдері. Жерасты өткелдеріндегі жөндеу жұмыстарының аяқталуына аз уақыт қалды. Жуық арада халық игілігін көрмек.

"Қазір Алмалы ауданының аумағында 11 жерасты өткелі бар. Барлығы бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалып, қадағалаудан өткен. Дәл қазір күрделі жөндеуден өткізу бойынша мердігер мекеме жұмыс жүргізіп жатыр", - деді Алматы қаласы Алмалы аудандық көріктендіру бөлімінің басшысы Әзімхан Төлеген.

Алматыда биыл барлығы 48 жерасты өткелі жөндеуден өтеді. Жергілікті әкімдік жерасты өткелдерінің ішкі дизайндары бір-біріне мүлдем ұқсамайтындай, ерекше етуге етене атсалыспақ.  

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары