Алдымызда еңбек өнімділігі мен өнім экспортын 2,5 есеге арттыру міндеті тұр – Шөкеев

28 мамыр, 2018, 14:30 1902
Алдымызда еңбек өнімділігі мен өнім экспортын 2,5 есеге арттыру міндеті тұр – Шөкеев

Ауыл шаруашылығы министрі Өмiрзақ Шөкеевтің айтуынша ,еліміздің ет өнімдері бойынша, оның ішінде сиыр еті мен қой еті бойынша экспорттық потенциалы жоғары.

Бiз құс еті, ірімшік, балық және шұжық өнімдері бойынша әлі де импортқа тәуелдіміз. Үкiмет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Өмiрзақ Шөкеев осылай айтты, деп хабарлайды BNews.kz  тiлшiсi.

"Елбасы бізге үлкен міндет жүктеп отыр, ол – еңбек өнімділігін және өнім экспортын 2,5 есеге арттыру. Бұл міндетті шешу мүлдем жаңа көзқарасты қажет етеді. Өйткені, экспортты арттыру үшін бірінші өнім өндіру керек, содан соң оны өткізетін жер табу керек. Қазірдің өзінде негізгі 30 азық-түлік түрінің 25-і бойынша өзімізді қамтамасыз ете аламыз. Енді артылғанын сатуымыз қажет. Сонымен қатар, құс еті, ірімшік, балық және шұжық өнімдері бойынша әлі де импортқа тәуелдіміз. Міне біз осы мәселелерге талдау жасадық", - дедi Шөкеев "2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ті дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу" туралы Үкiмет сағатында.

Министрдiң айтуынша, еліміздің ет өнімдері бойынша, оның ішінде сиыр еті мен қой еті бойынша экспорттық потенциалы жоғары. Осы өнім түрлеріне қолдау көрсетiлсе, экспорттан түсетін пайда 2,4 млрд долларға дейін (сиыр еті мен қойы еті өндірісі 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға дейін ұлғаяды) жетуі мүмкін.

"Қазақстанда ет саласын дамыту үшін мүмкіндік мол, бізде жайылым да, суармалы жерлер де, жұмыс күші де жеткілікті. Азия мен Таяу Шығыс елдерінде (Қытай, Иран, Сауд Арабиясы, Вьетнам) сиыр еті мен қозы етіне сұраныс жоғары, біз осы өнімдерді жеткізіп бере аламыз. Ал екі көршіміз – Ресей мен Қытай аталған өнімдерді ірі көлемде импорттайды. Сонымен қатар, сүт өнімдері, құс еті, жемістер мен көкөністер бойынша импорттан арылуымыз керек. Мұнда қосымша өнім өндіру потенциалымыз 1 млрд доллардан асуы мүмкін (құс еті – 180 мың тоннадан 740 мың тоннаға дейін ұлғаяды, сүт өнімдерінің өндірісі 1 млн тоннаға дейін ұлғаяды)", - дедi Өмiрзақ Шөкеев.

Министрдiң айтуынша, осы өнімдердің өндірісі мен экспортын арттыру үшін оларды дамыту жолдарын қайта қарап, жеткілікті деңгейде қаржы бөлген жөн. Бұл сала өзін-өзі бірден ақтамайды, сондықтан шаралар мен қаржыны Мемлекеттік бағдарламаға қарағанда ұзақ мерзімге жоспарлау керек.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана #Өмірзақ Шөкеев #өнім #экспорт

Читайте также

Похожие новости