Әлемде қарсыластың қағидаларын түсінуге тырыспау белең алуда – Назарбаев - Жаңалықтар | BNews

Әлемде қарсыластың қағидаларын түсінуге тырыспау белең алуда – Назарбаев

17 мамыр, 2018, 11:07 3363 Астана
Әлемде қарсыластың қағидаларын түсінуге тырыспау белең алуда – Назарбаев

Өткен жылғы форумның нәтижесінде біз әлемде үлкен өзгерістер орын алғанының куәгері болдық, деп атап өтті Елбасы.

Елордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Global Challenges Summit 2018 XI Астана экономикалық форумының пленарлық отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды BNews.kz.

"Осында отырғандардың көбі үшін, біздің азаматтарымыз үшін Астана экономикалық форумына қатысу жақсы бір дәстүрге айналды. Бұл үшін мен үлкен алғысымды білдіремін. 11-рет аталған форум әлемдік экономика, инвестиция және инновацияның ең маңызды мәселелерін талқылайтын алаңға айналып отыр. Өткен жылғы форумның нәтижесінде біз әлемде үлкен өзгерістер орын алғанының куәгері болдық. Жаңа қарама-қайшылықтар мен қарсылықтар пайда болуда. Мемлекеттер арасында келісімге келу қиынға соғуда. Қарсыластың қағидалары мен ұстанымдарын түсінуге тырыспау және сенімсіздік таныту да белең алуда", - деді Президент өзінің алғысөзінде.

Елбасының сөзінше, бұл әлем үшін өте қиын кезең.

"Сондықтан да аталған қиындықтарға қатысты мәселелерді дұрыс талқылау өте маңызды. Бұл адамзат үшін аса маңызды. Сол себепті, бүгінгі форум жаһандық сын-тәуекелдердің тиімді жауаптарын табуға бағытталған. Осы мақсатта танымал мамандар жиналып отыр. Біз оларды түсінуге тырысамыз. Келіспеушілік, дауласу әркез адамзат дамуымен бірге еріп келеді", - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. 

Айта кетейік, биылғы АЭФ жаңа форматта өтіп жатыр. Форумға қатысу үшін әлемнің 24 елінен 500-ге жуық қонақ келді. Олардың арасында Францияның экс-президенті Франсуа Олланд, БҰҰ-ның бұрынғы бас директоры Пан Ги Мун, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия жөніндегі бас экономисі Ганс Тиммер, Аррle компаниясының негізін қалаушы Стив Возняк, америкалық беделді ғалым Митио Каку бар.

Сонымен қатар, спикерлер қатарына саясаткерлер, технологтар, технология саласының көшбасшылары, денсаулық сақтау және ресурстарды пайдалану салаларының беделді өкілдері кіреді.

Форумда 11 жаһандық сын-қатер талқыға саланады. Яғни шараның алғашқы екі күні күн тәртібіндегі жаһандық мәселелерге арналады, ал үшінші күні спикерлер алты бағыт бойынша еліміздің мамандарымен бірлесе отырып жұмыс істейді.

Тағы да айта кетсек, соңғы 10 жыл ішінде Астана экономикалық форумына әлемнің 150 елінен 50 мыңнан астам делегат қатысқан. Олардың қатарында Нобель сыйлығының 20-дан астам лауреаты мен 30-дан астам шетелдік жоғары деңгейлі саяси қайраткері бар.

Сондай-ақ, форум аясында жалпы құны 20 млрд доллардан асатын 300-ден астам меморандум мен келісімдерге қол қойылады деп жоспарланып отыр.

Global Challenges Summit 2018 XI Астана экономикалық форумы 19 мамырда аяқталады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар