Әлеуметтік инфрақұрылым нысандары мүгедектер үшін қолжетімді болуы тиіс – Әшімбаев

19 шілде, 2018, 13:36 2136 Астана
Әлеуметтік инфрақұрылым нысандары мүгедектер үшін қолжетімді болуы тиіс – Әшімбаев

"Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Астанада мүгедектерге барынша қолайлы жағдай жасалуы қажеттігін атап өтті.

"Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев елордада мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Бүгінгі кездесуіміздің негізгі мақсаты Астана қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігі мәселесін талқыға салу. Елордада осы бағытта соңғы жылдары біраз жұмыс жасалуда. Әсет Өрентайұлы (Астана қаласының әкімі – автор) осы жасалып жатқан жұмыстар туралы айтып кетті. Ауыз толтырып айтатын жетістіктер де жоқ емес. Сонымен қатар, жасалуы қажет жұмыстар да бар екені белгілі", - деді партия төрағасының бірінші орынбасары Астана қаласы әкімдігінде өтіп жатқан жиында.

Осы орайда Мәулен Әшімбаев Астана қаласы әкімдігі мен "Нұр Отан" партиясы, мемлекеттік емес ұйымдармен бірігіп, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қаладағы инфрақұрылымның қолжетімділігін әрі қарай арттыра беруі қажеттігін атап өтті.

"Астана соңғы жылдары қарқынды дамып, өркендеуде. 20 жылда қалада зәулім-зәулім ғимараттар салынып, инфрақұрылым жүргізілді. Біраз әлеуметтік нысандар тұрғызылып жатыр. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға Астанада тиісті жағдай жасалып, елорда басқа өңірлерге үлгі болуы қажет. Елордада жасалған жұмыстарды басқа өңірлер пайдаланса, нұр үстіне нұр болар еді", - деп түйіндеді сөзін ол.

Айта кетейік, Астана қаласының әкімдігінде шаһардағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін арттыру тақырыбында арнайы жиын өтуде. Оған қала әкімі Әсет Исекешев, "Қазақстан мүгедектер конфедерациясының" атқарушы директоры Мәдина Ибрагимова, "ДОС" тәуелсіз өмір" мүгедектер орталығы қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Қарлығаш Танабекова, ELAMAN әлеуметтік инновациялық жобалар қорының төрағасы Алмаз Ержан қатысуда.

Бүгінде Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта қалыптастыруда жұмыстар кеңінен жүргізілуде.

2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ҚР ЕХӘҚ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ақпаратына сай ерекше қажеттілігі бар азаматтарға ыңғайлы болу үшін 18,2 мың нысан (86,1%) бейімделген.  Барлығы 32,6 мың әлеуметтік инфрақұрылымды нысанның 31,5 мыңы бейімделу үшін сертификатталған, бұл жоспардың 98,4%-ын құрайды.

Сонымен қатар, кедергісіз орта қалыптастыру үшін қолжетімділікті тұрақты негізде тиімді іске асыру үшін мемлекеттік бақылау функциясы жүзеге асырылады.

Жыл басынан бері 305 тексеру жұмыстары жүргізілді. Нəтижесінде заң бұзушылықтар анықталып, оны жою туралы бұйрық 235 бақылау субъектісіне шығарылды, жалпы сомасы 13,9 млн теңге болатын 63 әкімшілік айыппұл салынды.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын бейімдеуді тиімді бақылау үшін "Интерактивті қол жетімді картасы" әзірленді, мұнда әр азамат, соның ішінде төменгі ұтқыр топтардың санынан туристер объектілер туралы ақпаратты көре алады. Бүгінгі таңда бұл карта барлық сертификатталған объектілерді қамтиды.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы Қазақстан Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады, онда мүгедектер үшін халықаралық стандарттарды енгізу бойынша міндеттемелер қабылдады.

2015 жылғы 3 желтоқсандағы Конвенцияны жүзеге асыру барысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасы қабылданды, онда 24 заң актісіне өзгерістер енгізілген болатын. Заңның негізгі бағыты мүгедектерге кедергі келтіретін қозғалысқа жағдай жасау болып табылады. Мәселен, теміржол вокзалдарында және станцияларда, порттарда және әуежайларда мүгедектердің көлік құралдарына арналған арнайы көлік тұрағы үшін жол белгілерін тиісті орындарда орналастыру; есту және көру қабілетінен айырылған жандар үшін қол жетімді ақпараттық дабыл және байланыс құралдарын орнату; тірек-қимыл аппаратының бұзылулары бар мүгедектерге және басқа да мүгедектік санаттағы топтарға қызмет көрсетуге арналған кезекші арбаның болуы;мүгедек арбаларымен жүретін адамдар үшін мамандандырылған таксофонды орнату; ғимараттар ішінде мүгедектерге арналған қол жетімділік талаптарын арттыру тәрізді талаптар қойылады.

    Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



    Читайте также


    Ұқсас жаңалықтар


    Материалды әзірлегендер: