Әліпби ауыстырудың себебі –тілдік қажеттілікке тікелей байланысты - Жаңалықтар | BNews

Әліпби ауыстырудың себебі –тілдік қажеттілікке тікелей байланысты

11 қыркүйек, 13:26 358 Астана
Әліпби ауыстырудың себебі –тілдік қажеттілікке тікелей байланысты

Біздің әліпби ауыстыруымыздың негізгі себебі – таза тілдік қажеттілікке тікелей байланысты. Бұдан саяси астар іздеушілер қателеседі. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» деген тақырыпта өткен парламенттік тыңдау кезінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек айтты, деп хабарлайды Вnews.kz.

Ерден Қажыбек әліпбиді  ауыстыру тек қана тілдің реформасы емес – діл реформасы, жанымыздың жаңғыруы, маңызды стратегиялық бағдарлама деп көрсетті.

 «Бұл келелі мәселе қалың жұртшылықтың белсене қатысуымен қолға алынуда. Елдің түкпір-түкпірінен, шетелден, ауылдан да, қаладан да, халық қалаулылары мен мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар мен зейнеткерлер, жастар мен сырттағы отандастарымыз – бәрі де өз үлестерін қосуға тырысуда, бәрі де баталарын беріп, тілеуін тілеуде, хаттарын жазып, жобаларын жолдауда»,- деді ол.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры әліпби ауыстыруыдың негізгі себебі – таза тілдік қажеттілікке тікелей байланысты. Бұдан саяси астар іздеушілер қателеседі, деп түсіндірді.

«Алфавит қабылдау – айсбергтың ұшы, қыруар жұмыстың бастамасы, алғышарты ғана. Елбасы атап өткендей, «алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс»,- деп түсіндірді Ерден Қажыбек.

Атап айтсақ, олар жаңа қазақ жазуының –фонетика-фонологиялық негіздерін жаңадан түзіп шығу; латын графикасы негізіндегі әліпби бойынша қазіргі қазақ жазуының орфографиялық ережелерінің нобайын әзірлеу; жаңа әліпби негізінде терминдік, ономастикалық, ескі жазба кітаби лексикалық бірліктердің заңдылықтарын іріктеп, бекіту; жаңа ұлттық  әліпбиді үйретуге арналған оқулықтарды, меңгертуге арналған әдістемелік оқу құралдарды дайындау;тәжірибелік-үйлестіру және біліктілікті арттыру дәрістер жүйесін қалыптастыру;мектепке дейінгі, орта және жоғары білім беру мекемелері, әдістемелік-үйлестіру, ғылыми, білім беру ұйымдарының оқушы-мұғалімдерін даярлау; жазу реформасының ұлттық және мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі мен болашағына игі әсер ететін механизмдерді анықтап, енгізу; мемлекеттік тіл саясатының тиімділігін арттыру мәселелерін ұйымдастыру; автоматты түрде кирилл жазуынан латын графикасына өзгеретін әрі латын жазуын жедел түрде үйретуге бағытталған мобилдік қосымшалардың  ІТ бағдарламалар кешенін дайындау;  ғылымның әр саласына арналған бір тілді, екі тілді, көп тілді сөздіктерді жасауды және т.б. іс-шараларды зерттеу, сараптау, бекіту, іске асыру. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

`

Серіктестер жаңалықтары