Әліпбиді латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті - Жаңалықтар | BNews

Әліпбиді латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті

02 наурыз, 2018, 17:20 2539 Астана
Әліпбиді латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өтті.

Отырыста қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру бойынша Іс-шаралар жоспары туралы, Ұлттық комиссия жанынан құрылған орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтарының атқарған қызметінің нәтижелері, сондай-ақ жаңа редакциядағы әліпби негізінде ереже жобасын әзірлеп, бекіту мәселелері талқыланды.

"Елбасы "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" Жарлыққа өзгеріс енгізді. Жаңа нұсқа көпшіліктің, қоғамның, тіл мамандарының қолдауына ие болды, сонымен қатар Комиссия мүшелерінің пікірі де ескерілді. Енді Елбасы тапсырмасына сәйкес тіліміздің мәртебесін арттыру бағытында жұмыстарды жалғастыруымыз қажет", - деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Латын графикасына көшу бойынша негізгі жұмыс бағыттары жөнінде мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы, ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев, білім және ғылым министрі Е. Сағадиев, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Е. Қажыбек баяндама жасады. Сонымен қатар, "Нұр Отан" Партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М. Әшімбаев, Премьер-Министрдің орынбасары Е. Досаев, Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі А. Балаева, "Қазақстан" Республикалық телерадиокорпорациясы" АҚ басқарма төрағасы Е. Қарин және басқалар өз пікірлерімен бөлісті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар