Алматы әкімі Швейцарияның экономика, білім және ғылым министрімен кездесті

14 шілде, 2018, 11:13 2419 Алматы
Алматы әкімі Швейцарияның экономика, білім және ғылым министрімен кездесті

Алматыда сауда, медицина, қаржы және басқа салалар бойынша швейцарлық капиталмен 94 кәсіпорын жұмыс істейді.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Швейцарияның Федералды кеңесшісі, экономика, білім және зерттеу Федералды департаментінің басшысы Йоханн Шнайдер-Амманнмен кездесті, деп хабарлайды BNews.kz қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, стартаптарды қолдау және "Smart city" жобаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Тәуелсіздік жылдары екі ел арасында түрлі бағыттар бойынша кең спектерлік серіктестік орнықты, бүгінгі күні Швейцария Қазақстанның үшінші ірі шетелдік инвесторы болып табылады.

Алматыда сауда, медицина, қаржы және басқа салалар бойынша швейцарлық капиталмен 94 кәсіпорын жұмыс істейді, тауар айналымы да арта түсуде.

"Біз Қазақстанға түрі салада жұмыс істейтін бизнесмендердің үлкен делегациясымен келдік. Сапардың басты мақсаты – бұрыннан бар серіктестік қатынасты нығайту және жаңа ынтымақтастықты қалыптастыру. Швейцарияда пайдалы қазбалар жоқ, сондықтан ел экономикасы жаңа технология мен қызмет көрсетуге негізделген. Алматы – жедел дамып келе жатқан мегаполис, басты әлеуеті стартаптарды дамытуға бағытталған. Қаланың географиялық орналасуы, дамыған инфрақұрылымы Алматыны бүкіл Орта Азия өңірі бойынша бизнесмендердің қызметін кеңейтудің айшықты алаңына айналдырады", - деп атап өтті Йоханн Шнайдер-Амманн.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына осы жылғы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" деп аталатын Жолдауында, Индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс екенін атап өтті. Елбасы кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет екенін айтып, бұлар, бірінші кезекте,технологиялардың трансфертін ынталандыруға тиіс екенін атады.

Сапар барысында Алматыда батыс европалық бизнесмендермен жергілікті іскерлік орта өкілдерінің В2В кездесуі өтті. Швейцарлық делегация арнайы экономикалық және индустриалды аймақтың әлеуетін және "Smart Almaty" жобаларының жүзеге асуын көрді.

Айта кетерлігі, 2016 жылы Алматы және Лугано қалалары әкімшіліктерінің арасында сауда, экономика, ғылым, технология, сонымен қатар туризмді алға жылжыту, мәдени алмасу салаларын дамыту жөніндегі ынтымақтастық меморандумына қол қойылған болатын.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар