Алматы халықаралық әуежайының президенті қызметінен кетті

12 маусым, 2018, 11:57 2281 Алматы
Алматы халықаралық әуежайының президенті қызметінен кетті

"Алматы халықаралық әуежайы" АҚ президенті Айбол Бекмұхамбетов өз еркімен жұмыстан босатылды.

"Алматы халықаралық әуежайы" АҚ-ның Диреректорлар кеңесі "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ президенті Айбол Бекмұхамбетовтың өз еркімен жұмыстан шығуға өтініш беруіне байланысты, оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Алматы әуежайы Facebook-тегі өзінің ресми парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.

Айбол Бекмұхамбетов Алматы халықаралық әуежайын 2009 жылдан бері басқарып келген. Ол 1962 жылы 1 ақпанда Ақтөбе қаласында дүниеге келген, Ақтөбе азаматтық авиация жоғары ұшқыштар училищесін бітірген, техникалық ғылымдар кандидаты. Еңбек жолын 1983 жылы нұсқаушы ұшқыш қызметімен бастаған, әр жылда "Ақтөбе халықаралық әуежайы" АҚ, "Атырау халықаралық әуежайы" АҚ және "Астана халықаралық әуежайы" АҚ басшысы болған. "Құрмет" (2002 ж.), "Достық" II степени (2007 ж.), "Парасат" (2011 ж.) ордендерінің иегері. Азаматтық авиацияға еңбегі сіңген қызметкер (2007 ж.).

"Алматы халықаралық әуежайы" АҚ президенті лауазымына 2018 жылдың 12 маусымынан бастап Ержанов Болат Қалиұлы тағайындалды. Ол бұған дейін "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ-ның Тасымалдауды ұйымдастыру бойынша атқарушы директоры қызметін атқарған.

Болат Ержанов 1966 жылы 9 желтоқсанда Павлодар облысында туылған, Омбы ұшу техникумының азаматтық авиация училищесін және Санкт-Петербург қаласының Ленин ордені Азаматтық авиация академиясының түлегі. Ол өзінің мансабын Павлодардағы Қазақстан азаматтық авиация басқармасының біріккен әуе жасағында бастап, онда 1997 жылға дейін Тасымалдауды ұйымдастыру қызметі басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. 

1997 жылдан 2003 жылға дейін "Ертіс Авиа", "Эйр Казахстан" жабық акционерлік қоғамы әуе компанияларында, 2003 жылдан бастап Алматы қаласы халықаралық әуежайында басшылық қызметті атқарған. 

2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ-ның Тасымалдауды ұйымдастыру бойынша атқарушы директоры қызметін атқарған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар