Алматы көшелерін жөндеуде жұмысына немқұрайлы қараған мердігерлерге айыппұл салынды

27 шілде, 2018, 20:13 3234 Алматы
Алматы көшелерін жөндеуде жұмысына немқұрайлы қараған мердігерлерге айыппұл салынды

Қала әкімі жауапты мердігерлер қалалықтарға қажетті жағдайды жасауға тиіс екенін нақты атап өтті.

Алматыда көшелерді жөндеуде жұмысына немқұрайлы қараған бірнеше мердігерге айыппұл салынды. Соның салдарынан жөндеуден өткен көшелер қайта жасалып жатыр. Мұндай олқылықтар қала әкімдігінің комиссиясы тарихи орталықтағы құрылыс жұмыстарының барысын тексеру кезінде анықталды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Қазіргі кезде Абай, Абылай хан, Назарбаев даңғылдары мен Абай алаңында инженерлік желілерді орналастыру, тас төсеу, жарық діңгектерін ауыстыру, суару жүйесін орнату, кіре берістерді және нысандардың сыртын жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Реконструкция аясында жаяу жүргіншілер аймағын кеңейту, көлеңкелі кеңістікті қалыптастыру үшін жасыл желек отырғызу, жаңа фонтандар салу қарастырылған.

Жұмыс сапары кезінде Алматы әкімі көшелерді абаттандырумен айналысатын мердігерлер атына бірқатар сын айтты.

"Жаяу жүргіншілер мен автокөлік үшін қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз еткен жөн. Сіздердің барлықтарыңыз жұмысқа байланысты ашық конкурсқа қатыстыңыздар, барлықтарыңыз тәжірибелі компаниясыздар, сіздер сапа үшін жауап берумен қатар қалалықтарға қажетті жағдайды жасауға тиіссіздер", - деп атап өтті Бауыржан Байбек.

"Базис-А" компаниясының басшысы Павел Белович сөзінде жұмысын немқұрайлы жасағандарға шара қолданылғаны туралы айтты. Мысалы, құрылыс жұмыстарының ережесін сақтамағаны және техника қауіпсіздігін бұзғаны, жұмысты талапқа сай ұйымдастырмағаны үшін "БАЗИС-А" АҚ-ның басқарушы директоры Салем Тоқмұрзаев қызметінен босатылды, басқарушы директор Өтеген Бұзғұловтың лауазымы төмендетілді, вице-президент Марат Көпешевке қатаң ескерту жарияланды, бұлардың барлығы Назарбаев даңғылындағы жөндеу жұмыстарына жауапты болатын.

Бұлардан өзге, осы учаскеде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан қосалқы мердігерлік ұйымдар "Керім Жол" ЖШС пен "МВ Алонс" ЖШС инертті материалдарды жинақтағаны және құрылыс қоқыстарын ретсіз қалдырғандары үшін әрқайсысына 20 есептік айлық көрсеткіш көлемінде 48 100 теңгеден айыппұл салынды.

Әкімнің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов құрылыс-монтаж жұмыстарын тексеру барысында Абылай хан даңғылы, Абай даңғылынан Алматы-2 теміржол вокзалына дейінгі аймақтарда бірқатар кемшіліктердің орын алғандығын баяндап берді.

"Новая генерация" ЖШС бас мердігері тиісті ескерту жасамастан жұмысты бастаған. Оның үстіне, бұл учаскеде технология мен өндіріс нормасы өрескел бұзылған: құрылыс қоқыстары дер кезінде тасымалданбайды, құрылыс материалдарын жинау өндірісті ұйымдастыруға сай емес, электр желісін тарту технологиясы сақталмайды, құрылыс қоқысының шашылуына жол берілген, сондай-ақ ішкі операциялық бақылау жоқ. Жіберілген осы кемшіліктерге орай бас мердігерлерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, оның жалпы сомасы – 1 142 375 теңге. Қосалқы мердігерлік ұйымдарға, нақтырақ айтар болсақ, ТОО "Элитстрой" ЖШС-ға – 1 142 375 теңге, ал "Дарбол" ЖШС-ға 577 200 теңге айыппұл салынды", - деді Сұлтанбек Мәкежанов.

Ал Абылай хан даңғылы бойындағы жасыл желекке нұқсан келтіргені үшін "Новая Генерация" ЖШС учаске басшысына 30 АЕК – 72 150 теңге айыпұл салынды. Ағаштардың тамырына зақым келтіргені, инертті материалдар мен құрылыс қоқыстарын ретсіз қаттағаны үшін қосалқы мердігер "Строй Гарант Инвест" ЖШС 40 АЕКП – 96 200 теңге айыппұл төлейді. Сондай-ақ, Абай даңғылы бойындағы жасыл желекті зақымдағаны үшін қосалқы мердігер "УМР-3" ЖШС-ға 40 АЕК – 96 200 теңгеге айппұл хаттамасы толтырылды.

Алматы әкімі көшпелі кеңес барысында қысқа мерзімде жұмысты барынша сапалы атқаруға және қала тұрғындарына жағдай жасауға айрықша назар аударды. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына әр учаскеде жұмысты барынша тыңғылықты атқару және мердігерлерден норманы сақтауды қатаң талап ету тапсырылды. Барлық мердігерлерге кемшіліктерді жою үшін  нақты мерзім берілді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына осы жылғы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" деп аталатын Жолдауында бүгінде Қазақстан арқылы бірнеше трансконтиненталды коридор өтетіні туралы айтқан еді. Жалпы, Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті 2017 жылы 17 процентке өсіп, 17 миллион тоннаға жуықтады. Елбасы Жолдауда транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндеті туралы айтқан еді.

"Үлкен деректерді" (Big data) пайдалану сапалы талдауды қамтамасыз етуге, өсімнің резервін анықтауға және артық шығынды азайтуға жағдай туғызады. Осы мақсаттар үшін Интеллектуалды көлік жүйесін енгізу қажет. Бұл жүйе көлік ағынын тиімді басқаруға және инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін анықтауға жол ашады. Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту керек. Осыған жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Бұл жұмысқа өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын қамтамасыз ету керек", - деді Елбасы Жолдауда.

Еске салсақ, биылғы жазда Алматыда ұзындығы 160 км болатын 150-ден астам көше жөнделуде. Өтпелі жолдардың барлығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Орталықтандыру қағидасы бойынша қаланың барлық аудандарында аббаттандыру жүзеге асырылып жатыр. Егер өткен жылы 500 алматылық аула жөнделсе, биыл қаланың барлық аудандарында тағы 600-ден аса аула жаңарады.

Мегаполисте соңғы жылдары 800 км инженерлік желі, соның ішінде 313 км су құбыры, 266 км кәріз желісі, 150 км электр желісі және 32,3 км жылу жүйесі салынды және жаңартылды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: