Алматы мен Талғар арасында лимузин такси қатынайды - Жаңалықтар | BNews

Алматы мен Талғар арасында лимузин такси қатынайды

06 ақпан, 15:53 909 Алматы облысы
Алматы мен Талғар арасында лимузин такси қатынайды

Ел арасында "той кортежі" аталып кеткен көліктің иесі жолаушы тасымалдап жүр.

Талғар халқы Алматыға лимузинмен қатынайды. Той-томалаққа сұраныс азайған соң, 9 метрлік лимузин иесі осылайша табыс табуды жөн көріпті, деп хабарлайды BNews.kz Алматы Алматы телеарнасына сілтеме жасап.

Күнделікті нәпақасын тауып, отбасын асырайтын Жасұлан Әбжатов өзгелердей тізгінде отырып, жол жиегін сағаттап аңдымайды. Алматы мен Талғар арасына лимузинмен барғысы келетін жолаушыларда есеп жоқ. Көлік бас-аяғы 5 минутта адамға лық толады екен.

Лимузин таксиге жолаушылар бастапқыда үрке қараған екен. Қазір ептеп үйрене бастаған. Көлік иесі күн сайын 10 адамға дейін отырғызып, арлы-берлі 4 рет жолаушы тасымалдайды.

9 метрлі лимузинмен қатынау бір тойда жүргендей әсер қалдырады, дейді жолаушылар. Жүргізуші сұрайтын жол ақысы өзге таксилерден артық та, кем де емес.

Көлік иесі бастапқыда лимузинін өзгелерге жалға беріпті. Кейін үйінде 2 жыл қаңтарылып қалған көлікпен басқаша ақша табУдың жолына көшкен. Сөйтіп, қыс түскелі досы екеуі тиісті рұқсаттарын алып, адам тасуға кіріскен. Олар Талғардан бөлек, ара-тұра қала ішінде де жолаушы тасымалдайтын көрінеді. Ал тапқан табысты күнделікті ас-суына жұмсайды.  

"Той-томалаққа шығып жүрді. Қазір тойға неше түрлі машина шығып кетті. Заман дамып кетті. Ауылды жердің өзінде қазір гелендар, хамерлар жүріп жатыр. Бұлар енді сатсаң өтсе өтеді, өтпесе ол есіктің алдында құры тұрып шірігенше бір пайдасын тигізу керек", - деді такси жүргізушісі Жасұлан Әбжатов.

Кәсіпкерліктің жаңа түрін ашқан такси жүргізушісі жазға қарай ескіре бастаған көлігін түгелдей жөндеп шықпақ. Ішкі орындықтарын ауыстырып, жарық шамдарын да жаңаламақ. Мұның барлығы жолаушылардың ыңғайы үшін жасалатын жағдай, дейді лимузин иесі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары