Алматы облысында дәріханада әйел адам қаза тапты - Жаңалықтар | BNews

Алматы облысында дәріханада әйел адам қаза тапты

20 наурыз, 2018, 11:59 4950 Алматы облысы
Алматы облысында дәріханада әйел адам қаза тапты

Әйел адам жергілікті дәріханалардың біріне тамыры арқылы дәрі салдыруға барған. Алайда препаратты қабылдап жатқан жерінде жүрегі тоқтап қалған.

Алматы облысының тұрғыны дәріханада қайтыс болды. Марқұм жергілікті дәрі сату орындарының біріне тамыры арқылы дәрі салдыруға барған. Алайда препаратты қабылдап жатқан жерінде жүрегі тоқтап қалған, деп хабарлайды BNews.kz KTK телеарнасына сілтеме жасап.

Дәрі егу кезінде көз жұмған колледж мұғалімі осы оқиғаның алдында ғана ауруханада жатып емделген екен. Алайда науқасты дертінен құлан-таза сауықтырғанбыз деп ант-су ішкен ақ халаттылар болған жайтқа дәріханаға ем іздеп барған әйелдің өзі кінәлі деп отыр.

Қайғылы оқиға Жаркент қаласында болған. 52 жастағы колледж мұғалімі дәріханада дәрі ектіріп жатқан жерінде көз жұмған.

Панфилов аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мәрзия Бөкембаева әйел адам жүректің тоқтап қалуының салдарынан қайтыс болғанын айтты.

"Барғанда жүректің соғысы тоқтап қалған. Дефибриллятормен симуляция жасаған, дефибрилляторсыз ЭКГ деген бар, сонымен ЭКГ түсірген", - деді Мәрзия Бөкембаева.

Белгілі болғандай, марқұмға Гордокс атты дәрі егілген екен. Аллергиялық әсері бар болғандықтан ол препарат тек дәрігердің бақылауымен ғана берілетін болса керек. Онысы қорапшасында да қатаң ескертіліп жазылған. Марқұм осыдан күні бұрын ғана ауруханадан емделіп шыққан екен. Десе де, дәрігерлер науқасты құлан-таза сауықтырғанбыз деп ант-су ішкен. Алайда, солай бола тұра, өздері жасайтын емдерінің әрі қарай дәріханаларда жалғасып жататынын байқамай айтып қалды.      

Панфилов аудандық ауруханасы бас дәрігер орынбасары Мұрат Мұхаметжанов әйелдің ауруханадан толықтай ем алып шыққанын айтты.

"Дәрігерде болған. Біз бүгін құжатын көрдік. Емін алған, бюллетенін жапқызған. Сонымен әрі қарай енді кез келген адам індетіне байланысты жалғастырады ғой емін. Сонда ол кісі күндіз емес, түнде барып қалай алғанын біз өзіміз таңқалып жатырмыз", - деді Мұрат Мұхаметжанов.

Осы оқиғадан кейін  дәріханашыларға жаппай ескерту жасалған екен. Бірақ оған бағынайын деген дәріхана жоқ. Қайта клиент шақырып, дәріхананың ішінен ем-шара кабинетін ашқан. Науқастардың өздері дәрігерлерден гөрі, дәріханашыларды жақсы көріп тұрады екен.

"Неге екенін білмеймін, алайда маған осында ұнайды, жақсы қабылдайды. Ал ауруханада жаңадан үйреніп жүрген мейірбикелер системаны да құя алмайды. Дәрі егуді, мейлі, жасай алады, ал системаны құю қолдарынан келмейді", - деді дәріханаға келушілердің бірі.  

Ал екпеден қайтыс болған колледж мұғалімінің артында күйеуі мен балалары қалған. Қазір бұл оқиға бойынша тергеу амалдары басталды.

Оқыс оқиға орын алған дәріхана қазірше жабық тұр, алайда жақын күндері ашылып қалуы мүмкін. Өйткені марқұмның туыстары оған шағымданып, сотқа жүгінуден бас тартты. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар