Алматы облысында "Нұрлы жер" аясында 7 нысанның құрылысы жүріп жатыр - Жаңалықтар | BNews

Алматы облысында "Нұрлы жер" аясында 7 нысанның құрылысы жүріп жатыр

06 ақпан, 12:23 372 Алматы облысы
Алматы облысында

Оған қазынадан 3 млрд 175 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.

Алматы облысының Панфилов ауданында "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 7 нысанның құрылысы жүріп жатыр.  "Қорғас - Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аумағының бір бөлігі Нұркентте жаңа үйлер бой көтеріп, қала аумағы жылдан жылға кеңейіп келеді, деп хабарлайды BNews.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Былтыр мұнда "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 60 пәтерлік екі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Нұркент қаласында қазір 3 мың адам тұрады. "Қорғас" шекара маңында салынып жатқан бұл жаңа шаһардағы халық санын болашақта 100 мыңға жеткізу көзделіп отыр.

Қазір мұнда мектеп, балабақша, аурухана сияқты әлеуметтік нысандармен қатар көпқабатты тұрғын үйлер салынуда. "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша өткен жылы Нұркентте екі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Соның арқасында 120 отбасы баспаналы болды.

"Бұл бағдарлама бойынша біз бірнеше жыл бұрын арыз жазып қойғанбыз. Сонымен кезегіміз биыл келіп отыр, өте қуаныштымыз. Барлық қазақстандықтар, жас отбасылар, мемлекеттік қызметкерлер осылай үйлі болып жатыр. Сол үшін өте қуаныштымыз", - дейді Нұркент қаласының тұрғыны Әсел Исакова.

Ал тағдырдың жазуымен мүгедек арбасына таңылған Күләйхан Рахманова 1991 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұр екен. Кейуана Нұркенттен салынған жаңа үйден жақында бір бөлмелі пәтер алды.

"Жағдайым қиын болып, жүре алмаған кезімде қоларбада отырғаннан кейін осылай үй алсам деп, көп армандап едім. Бүгінде, мінеки, тілегіміз орындалып, рақметімді айтамын. Жақсы қуаныштар, жақсылықтар бола берсін деп тілеймін", - дейді Нұркент қаласының тұрғыны Күләйхан Рахманова.

Жаркентте 1700-ге жуық тұрғын баспана кезегінде тұр. Ал Панфилов ауданы бойынша 9 мың адам жер телімін алып, жеке үй салуға ниет білдірген.

"Жаркент қаласында 114 гектар жер аумағына, 183 учаске мен 38 көпқабатты тұрғын үйге арналған жер учаскелеріне жол, су, электр желісі тартылып, дайын тұр. Биыл пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Жаркент қаласының қасында 40 арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сметалық құны - 330 млн теңге. Ол үйлер жыл соңында пайдалануға беріледі", - деді Панфилов аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Марат Жүнісов.

130 мыңға жуық халқы бар Панфилов ауданы осылайша жылдан жылға өсіп-өркендеп, дамып келеді. Оған, әрине, ең алдымен "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының ашылуы оң ықпал етті. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары