Алматы облысында жаңғыртудан өткен Ақсу қант зауыты қайта іске қосылды

Написать нам
05 қараша, 2018, 12:12 2308 Алматы облысы
Алматы облысында жаңғыртудан өткен Ақсу қант зауыты қайта іске қосылды

Мұнда барлық өндірістік процесс автоматтандырылып, бірыңғай оператор арқылы бақыланады.

Жаңғырту жұмыстарының алғашқы кезеңінде Ақсу қант зауытының құрал-жабдықтарының 80% ауыстырылып, соның нәтижесінде өндірістік қуаты еселеніп, қазір оны 11,5 %-ке жетті, деп хабарлайды BNews.kz облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. Мұнда барлық өндірістік процесс автоматтандырылған, бірыңғай оператор арқылы бақыланады. Зауыт өңдеу ісін бастаған алғашқы екі күнде 5 мың тоннадан астам қант қызылшасын өңдеп үлгерген. 

Ақсу қант зауытындағы алғашқы жаңғырту кезеңі аясында құрал-жабдықтар шырын алу, шырын тазалау, азық-түліктік, жом сығымдау, әктеу-газды және басқа да жекелеген бөлімдерде, сол сияқты шырын мен шәрбәт бөлімдерінде де ауыстырылды. Ең басты ерекшелігі – барлық өндірістік желі тұтас автоматтандырылған, орталық аппарат арқылы басқарылады. Мәселен, жаңа ылғалсыздандыру стансасының арқасында энергия шығыны 30 % азайған. Зауытта сүзгілеудің жаңа технологиясы қолданылатын теңдессіз камералық пресс-фильтр орнатылған. Орау цехының жұмысы да автоматтандырылған. 

"Аksu Kant" ЖШС бас директоры Самат Надирбаевтың айтуынша, облыс басшылығының қолдауымен зауытта жаңғыртудың бірінші кезеңі жүргізіліп, қазір зауыт тәулігіне 2,5-3 мың тонна қызылша өңдейтін қуаттылыққа жеткен. Биылғы жылы зауытқа жеткізілетін тәтті түбірдің жалпы көлемі 150-160 мың тонна болмақ. Қант шығымы - 11,5%.

Зауытты аралап, жұмыс барысымен танысқан облыс әкімі Амандық Баталов мемлекет қолдауының нәтижесінде биылғы жылы Алматы облысындағы қант қызылшасы алқабының көлемі 11,2 мың гектарға дейін ұлғайтылғанын айтты. Әр гектардан 370 центнерден өнім жиналып жатқанын ескерсек, 400 мың тоннадан астам тәтті түбір жинау және одан 42,5 мың тонна қант шығару жоспарланған.

"Зауыт құрылтайшыларымен бірге "Жетісу" ӘКК арқылы жаңғыртудың бірінші кезеңіне 11 млрд. теңге бірлескен қаржы жұмсалды. Жүргізілген жөндеу, жаңарту жұмыстарының нәтижесінде биылғы маусымда зауытта 150-160 мың тонна қызылша өңдеу көзделуде. Бүгінгі күні зауыттың қызылша төгу алаңында 80 мың тонна тәтті түбір жинақталған. Жалпы облыс бойынша жиын-терін науқаны әлі де жалғасып жатыр, сондықтан мұнда тағы 70 мың тонна қант қызылшасы әкелінеді деп күтіліп отыр. Жекелеген шаруа қожалықтары, мәселен Ескелді ауданындағы шаруалар бір гектардан 500 центнерден өнім алуда. Біз биылғы жылы расымен қант қызылшасында рекордтық өнім жинағалы отырмыз", - деді облыс әкімі Амандық Баталов .

Алдағы жоспарлар туралы айта келе Амандық Баталов Ақсу қант зауыты толық жаңғырудан өткеннен кейін өзінің ең жоғарғы, яғни 350 мың тонналық толық қуатына шығатынын атап өтті. Сондықтан қант қызылшасын себу көлемі бұдан былай арта түспек.

"Келесі жылы егіс айналымын есепке ала отырып, қант қызылшасының көлемін 14 мың гектарға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұдан кейін Ақсу қант зауытын жаңғырту арқылы, оның маусымаралық кезеңде құрақ өңдеумен айналысуын да ойластыруымыз керек, сонда зауыт жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін болады. Көксу қант зауыты да өткен жылы толық қайта жаңғыртудан өтіп болды, соның нәтижесінде қанттың шығымдылығы 10-нан 13 %-ке өсті. Сонымен қатар зауыттың қазандығы жағармайдан газға көшірілді, одан келген үнем 500 млн. теңгені құрады", - деді Баталов.

Жалпы Ақсу қант зауытының іске қосылуының нәтижесінде Ақсу ауданындағы жұмыссыздық деңгейі 5,7 %-тен 4,7 %-ке төмендеді. Кадрларды бұдан әрі жасақтау мақсатында "Аksu Kant" ЖШС жергілікті политехникалық колледжбен келісімшартқа отырды, соның негізінде алдағы уақытта осы оқу орны зауытқа 50 арнайы маман дайындап бермек. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар