Алматы Smart city жобасын Лондон мен Манчестерде жүзеге асыруға қызығушылық танытуда - Жаңалықтар | BNews

Алматы Smart city жобасын Лондон мен Манчестерде жүзеге асыруға қызығушылық танытуда

14 ақпан, 13:08 894 Алматы
Алматы Smart city жобасын Лондон мен Манчестерде жүзеге асыруға қызығушылық танытуда

Алматы мен Ұлыбритания сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ниетті.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Қазақстандағы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Майкл Гиффордпен кездесті, деп хабарлайды  BNews.kz Алматы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.

Мегаполис әкімі Бауыржан Байбек Ұлыбританияның инновациялық даму саласында мол тәжірибе жинақтағанын және Лондон мен Манчестердің үлгісі бойынша Алматыда "Smart city" жобасын жүзеге асырудың тиімді екенін атап өтті. Алматы мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымында оң динамика қалыптасқан, 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда 54,7%-ға өсіп, 275 млн АҚШ долларын құраған.

Ал Майкл Гиффорд өзара ынтымақтастықты нығайту барысында тараптар арасында үлкен мүмкіндіктердің бар екенін айтты.

"Мен Қазақстан Президентіне Сенім грамотасын өткен айда тапсырған едім, өзімнің алғашқы жұмыс сапарым бойынша өңірдің жедел дамып келе жатқан мегаполисі ретінде Алматыны таңдадым. Қолға алынған бастамалардың барлығы қаланы жоғары деңгейге көтеретіндігіне сенімдімін және өз тарапымнан екі ел компаниялары арасындағы ынтымақтастықтың дамуына, білім және мәдени бағдарламалардың қанат жаюына қажетті мүмкіндіктердің барлығын жұмсаймын", - деді Қазақстандағы Ұлыбритания Елшісі.

Кездесу барысында шетелдік делегацияға инвесторларға "бір терезе" қағидасы бойынша қызмет көрсететін Орталықтың, Индустриалды аймақтың, АЭА "Инновациялық технологиялар паркінің" әлеуеті көрсетілді.

Қазіргі кезде Алматыда британдық капиталдың қатысуымен сауда, қаржы, телекоммуникация, құрылыс және басқа салаларда 114 кәсіпорын жұмыс істейді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар