Алматыда алғашқы жартылай марафон өтеді

30 шілде, 2018, 11:35 1898 Алматы
Алматыда алғашқы жартылай марафон өтеді

Жартылай марафонға тіркелу бүгіннен басталады.

14 қазанда тұңғыш рет Алматы жартылай марафоны өтеді. Бірегей жарыс Алматы марафоны 2019 атты Орта Азиядағы ең ауқымды оқиға аясында ұйымдастырылады. Жартылай марафонға тіркелу бүгін 30 шілдеден бастап ашылады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Спорттық шараға Алматы мен аймақтардан 5000 спортшы шығады деп күтіліп отыр. Әуесқой жүгірушілер стандартты жартылай марафонның 21 км 97,5 м созылған қашықтығын еңсерулері керек. Ал, мұндай қашықтыққа дайын емес қатысушылар үшін ұзындығы 10 км "спутник" жүгіру жарысы қарастырылған.

Спортшылар жарысты Тұңғыш Президент Саябағынан бастап, Орталық алаңда мәреге жетеді.

Алматы марафонының ұйымдастырушысы, "Бірінші болуға батылдық" корпоративтік қорының директоры Салтанат Қазыбаева бірінші жартылай марафон үшін бағдар қалай таңдалғаны туралы айтып берді.

"Бірінші жартылай марафон үшін бағдарды біз кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Ол 5 жыл ішінде қатысушылардың сүйікті жарысына айналған Алматы марафонының ескі трассасымен өтеді. Жеке жарыс ретінде жартылай марафонға қатысу – бұл ірі халықаралық жобаларда үлкен қашықтықтарды еңсергісі келетін атлеттер үшін жақсы жаттығу және өз күшін байқауға берілген мүмкіндік. Бірнеше күн бұрын біз жарыстың өтетіні жайлы хабарлап едік, енді бұл оқиғаға деген қызығушылықтың артқанын байқап отырмыз", - дейді Салтанат Қазыбаева.

Корпоративтік қор директоры Алматы жартылай марафонының алматылықтар мен қала қонақтарының спорттық өміріндегі тағы бір сүйікті жүгіру жарысына айналатынына мол сенім білдірді.

Жарысты өткізу кезінде қала жолдарының бір бөлігі жабылады. Жолдарды жабу жоспары жарыстың басталуына жақын уақытта ұсынылады.

10 км қашықтыққа жүгіру жарысына 15 жастан асқан, ал жартылай марафонға (21 км) 18 жастан асқан қатысушылар жіберіледі. Жеңімпаздар өз жас санатына сай марапатталады. Жартылай марафон қашықтығында да абсолютті жеңіпаздарды марапаттау қарастырылған.

Әлемдік жартылай марафон 2018 чемпионатының қатысушысы, Алматы марафоны ұйымдастырушысы Артем Якупов бұдан былай абсолютті есеп жеңімпаздары жас санаттары бойынша марапатталмайтынын атап өтті.

"Алматы жартылай марафоны жүгірушілердің тілектерін есепке ала отырып, Қордың келесі іс-шаралары үшін ұйымдастыру жаңашылдықтарын алғашқылардың бірі болып қабылдайды. Осылайша, бұдан былай абсолютті есеп жеңімпаздары жас санаттары бойынша марапатталмайды. Бұл жаңа спортшылардың жеңіс тұғырына шығуына мүмкіндік береді. Бұған қоса, 60 жастан асқан құрметті марафоншылар үшін Алматы марафонындағыдай жеке жас санаты бөлінген. Сөредегі тәртіп пен тазалыққа ерекше көңіл аударылады. Біз қалалық қызмет көрсету мекемелерімен және бизнес өкілдерімен жүгіру жарысынан қалған қалдықтарды қайта өңдеуге жіберу туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біз өзіміздің тұрақты серіктесіміз A’SU брендімен марафон кезінде дәл осындай жұмыс атқардық. Осының арқасында арнайы урналарға 482 келі пластик жинай алдық", - дейді Артем Якупов.

Оның пікірінше, бұл жақсы үлгі және оны келесі ірі спорттық шараларды өткізу мен жетілдіру үшін негізге алған дұрыс.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына осы жылғы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" деп аталатын Жолдауының "Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт" атты бөлігінде халықтың өмір сүру ұзақтығының өсіп келе жатқанын атап өткен болатын. 

"Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек", - деді Қазақстан Президенті Жолдауда.

Марафонға қатысуға тіркелу 2018 жылғы 30 шілдеден 7 қазанға дейін жалғасады. Қатысушылардың ең жоғарғы саны 5000 адамға жеткенде тіркеу мерзімінен бұрын жабылуы мүмкін.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: