Алматыда қоғамдық көлікте аялдамаларды үш тілде хабарлайды

10 тамыз, 2018, 17:30 3101 Алматы
Алматыда қоғамдық көлікте аялдамаларды үш тілде хабарлайды

Хабарландыру қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілетін болады.

Алматыда қоғамдық көлікте аялдамаларды үш тілде, яғни қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабарланатын болады. Бұл жаңалық қаланың басты көрікті жерлерін бойлай жүретін барлық автобустарды қамтиды және осы жылдың тамыз айының соңына дейін іске қосылады, деп хабарлайды BNews.kz Visit Almaty ТАО баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұдан басқа, қаланың барлық автобустары мен троллейбустары үш тілде жазылған жадынамалармен жабдықталатын болады, онда қауіпсіздік ережелері, бағдарлар және ақы төлеу әдістері туралы ақпарат болады. Бұл туралы Visit Almaty ТАО нарық ойыншыларына туризмді дамыту бағыттары мен стратегиясын ұсынған "Туризм саласындағы бизнес мүмкіндіктерінің қарсаңында" атты дөңгелек үстел аясында белгілі болды. Туризм саласындағы компаниялар, туроператорлар, инвесторлар, рестораторлар, қоғам өкілдерінен тұратын қатысушылар осы тақырып бойынша пікірталас өткізді, сондай-ақ ұсынымдар мен ұсыныстар берді.

"Шетелдік туристерді тарту кешенді әдісті, соның ішінде қызметті жетілдіру бойынша белсенді жұмысты қажет етеді. Қазір Универсиада-2017 тәжірибесі бойынша қонақжайлылық бағдарламасын белсенді түрде дамытудамыз. Бағдарламаны жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл қонақтарды қарсы алу барысында қандай да бір түрде қонақтармен кездесетіндерді қамтитын, мысалы, әуежайдың, теміржол және автобекеттердің қызметкерлерін, кассирлерді және тағы басқа қызметкерлерді қамтитын арнайы бағдарлама", - деді Visit Almaty ТАО директоры Камила Лұқпанова.

Тау туризмінен басқа, мамандар инвестиция үшін HORECA, кәдесыйлар, турлар және туристік инфрақұрылымдар саласын атап өтті.

"HORECA-да біз біздің өңірде сұранысқа ие форматтарды анықтадық. Бұл "3 жұлдыз" санатындағы отельдерді, хостелдерді, қонақ үйлерді, сондай-ақ этно-жобаларды қамтиды. Кәдесыйларға қатысты айтсақ, біз шынайы кәдесый өнімдерінің 2 түрін дамытуымыз керек - ол гастрономиялық және практикалық. Гастрономиялық кәдесыйлар дегеніміз - біздің өз аймағымызда өндірілетін немесе Қазақстанды еске түсіретін тағам өнімдері  және практикалық кәдесыйлар – ұлттық киім-кешек, аксессуарлар, ыдыс-аяқ және басқа да өнімдер", - деп жалғастырды Камила Лұқпанова.

Оның айтуынша, сауалнамада шетелдік туристер Алматыны таза табиғаты үшін таңдайтынын айтса, ал қазақстандықтар Алматының өздерінің қалаларынан мүлдем басқаша болғандығы үшін, ауа-райынан бастап, ойын-сауыққа дейін мүлдем өзгеше жағдайлар үшін таңдайды екен. Сондай-ақ, қазақстандықтардың 35%-ның Алматыда туысқандары мен достары бар, бұл да олардың осында келуіне себеп болады.

Алматыға келген туристің портреті туралы айтқанда, бұл негізінен Ресей, Өзбекстан, Қытай, Тәжікстан, Түркия, Украина және т.б. елдердің азаматтары.

Олардың жастары аймаққа байланысты өзгереді. Мысалы, 25-тен 45 жасқа дейінгі адамдар негізінен ТМД елдерінен келеді. Еуропадан келген туристер 20-дан 45 жасқа дейінгі жас тобына жатады, ал Азиядан келетін туристердің орташа жасы 30-дан 55 жасқа дейін.

"Біз биылғы жылдың мамыр айында зерттеу жүргіздік, оған қазақстандық және халықаралық туристер қатысты. Сауалнамаға 15 орын таңдалды: әуежай, теміржол станциялары, Visit Almaty ақпараттық нүктелері, және аймақтағы танымал жерлер. Сауалнамалар бүгінгі күні де жалғасуда, өйткені туристің толық портреті төрт маусым аяқталғаннан кейін қалыптасуы мүмкін. Турист маусымға байланысты өзгеріп отырады, мысалы көктемде ашық ауада белсенді демалуды ұнататындар келеді, жазда - отбасылар, күз бизнес-туристерді қызықтырады, қыс - тау шаңғысы әуесқойларын тартады", - дейді Visit Almaty ТАО директоры.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына осы жылғы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" деп аталатын Жолдауында Үкімет виза мәселелерін жеңілдетуді, инфрақұрылымды дамытуды және туризм саласындағы кедергілерді алып тастауды қамтитын кешенді шаралар қабылдауы керектігіне баса назар аударған болатын. 

Қазақстан Президентінің айтуынша, жалпы алғанда, өңірлік саясат өңірлердің шығындарын теңестіруден жеке табыстарының өсімін ынталандыруға бағытталуға тиіс. Атап айтқанда, бүгінде әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар