Алматыда "Нұрлы жер" мен "7-20-25" тұрғын үйді іске қосу деңгейін арттырды

30 тамыз, 2018, 12:49 4298 Алматы
Алматыда

Мегаполис әкімі Елбасының бастамасы аясындағы "7-20-25" бағдарламасы бойынша Алматыда 5,1 млрд теңгеге тұрғын үй несиесінің 36%-ы берілгенін атап өтті.

Алматыда "Нұрлы жер" мен "7-20-25" бағдарламалары аясында тұрғын үйді іске қосу деңгейі артып келеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған салтанатты жиын барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек айтты, деп хабарлайды BNews.kz қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мегаполис әкімі Елбасының бастамасы аясындағы "7-20-25" бағдарламасы бойынша Алматыда 5,1 млрд теңгеге тұрғын үй несиесінің 36%-ы берілгенін атап өтті. Оның үстіне елімізде ұсынылған 1,5 мың пәтердің 40%-ы да осында. 

"Елбасының "Бес әлеуметтік бастамасы" бойынша таяудағы үш жыл ішінде 37 жатақхана салынады. Қазірдің өзінде 4 мың орынды 7 нысанның құрылысы басталды. Олардың төртеуі биылғы жылы пайдалануға беріледі. Өз кезегінде "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы қалада тұрғын үй салу деңгейін 7,5%-ға дейін көтерді. Бұл осы жылдың 7 айы ішінде  1 млн шаршы метрден астам үй салынғанын көрсетеді", - деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына осы жылғы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" деп аталатын Жолдауының "Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу" атты бөлігінде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар арқасында Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі жылына 10 миллион шаршы метрден асқанын, тұрғын үйді көпшілікке қолжетімді еткен тұрғын үй жинақтау жүйесі тиімді жұмыс істеп жатқанын атап өткен болатын. 

"Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек. Осы міндетті орындау барысында құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолдану керек. Ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қою қажет. Салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтау керек. Бұл тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, электр энергиясын, жылу мен суды тұтынуды қысқартып, табиғи монополистерді тиімді жұмысқа ынталандырады", - деді Елбасы.

Айта кетерлігі, "Алматы жастары" қалалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша соңғы екі жылда Алматы әкімдігі 3 млрд теңге бөлді. Егер өткен жылы 100-ден астам жас отбасылар жеңілдетілген жағдайда пәтер алса, биылғы жылы 200 пәтер бөлінетін болады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар