Алматыда "Саташ" фильмінің тұсаукесері өтті

02 қараша, 2018, 11:21 3364 Алматы
Алматыда

Фильм желісі қылмыскерлермен күрескен ауылдың Саташ есімді учаскелік полицейі туралы баяндайды

Алматыда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша, Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген отандық "Саташ" вестернінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды BNews.kz киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Картинаның режиссері - киносыншы, журналист, сценарист Төлеген Байтөкенов. Аталған туынды режиссердің толықметрлі көркем фильмнің режиссері ретіндегі алғашқы жұмысы.

"Түсірілім алаңында бәрі де ойдағыдай болды. Жұмыс істеуге ештеңе кедергі болған жоқ. Тек бір ғана мәселе болды – ол менің қазақ тіліне шорқақтығым. Осы орайда, қорыққаным рас. Алайда, маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткен түсірілім тобына мың алғыс", - деді фильмнің бас кейіпкері, Саташ рөліндегі Ақылхан Алмасов.

Актерлер фильмге түсу барысындағы еркеше сәттері туралы айтты.

"Бірде-бір картина қиындықсыз өтпейді. Біздің фильм де солай болды.  Актер ретінде маған каскадерлік трюктерді орындау қиынға соқты. Әсіресе, ат үстінде шауып келе жатып, мылтық ату қиын екен. Алайда, осы картинада каскадерлік тәжірибе жинап алдым", - деді актер Ержан Нүсіпақынов.

"Саташ" картинасы қылмыскерлермен шайқасқа түскен ауылдың адал Саташ есімді учаскелік полицейі туралы баяндайды. Ол ауылды басып алған қылмыскерлерге жалғыз өзі төтеп беріп, борышын соңына дейін өтейді. 
 2018 жылдың 1 қарашасынан бастап "Саташ" фильмі отандық прокатқа шықты.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар