Алматыда Шерхан Мұртазамен қоштасу рәсімі өтті

11 қазан, 2018, 11:11 1748 Алматы
Алматыда Шерхан Мұртазамен қоштасу рәсімі өтті

Жазушы 86 жасында қайтыс болды.

Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма тетарында белгілі жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазамен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды BNews.kz.

Жазушымен қоштасуға туыстары, жақындары, әріптестері, оқырмандары мен қала тұрғындары келді. Сондай-ақ жазушымен қоштасу рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы әкімі Бауыржан Байбек,  энергетика министрі Қанат Бозымбаев және тағы басқалары қатысты.

"Ұлт руханияты, баспасөзі қара жамылып, ауыр жағдайға душар болды. Халқына өлшеусіз еңбек сіңірген, елінің маңдайы мен таңдайына айналған, халқына өлшеусіз еңбек сіңірген Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, мемлекет және қоғам қайраткері аса көрнекті қаламгер Шерхан Мұртаза тау тұлғаларымыздың бірі де, бірегейі еді. Саналы ғұмырында қазақ баспасөзінің басым бөлігіне басшылық жасаған ол, қай қызметте де өзін өзгеден оқшаулап тұратын елжандық, мемлекетшілдік ерекше қасиетін сақтай білді. Редакторлардың редакторы атанған ол басқарған басылымдар таралымы артып, оқырмандардың алғысын алып, ризашылығына бөленді", - деді Алматы әкімі Бауыржан Байбек.

Осыған дейін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты оның жақындары мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдаған еді.

"Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды.

Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы "Шерағаң" деп қадір тұтты. Сонау Теміртаудағы еңбек жолымның тікелей куәсі болған ол Тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған жылдарда да жанымда жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосты.

Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін", – делінген көңіл айту жеделхатында.

Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Жазушының әр жылдары "Табылған теңіз" (1963), "Белгісіз солдаттың баласы" (1969), "Ахметжанның анты" (1973), "Мылтықсыз майдан" (1977) повестері, "41-жылғы келіншек" (1972), "Интернат наны" (1974) әңгімелері, "Қара маржан" (1977), бес кітаптан тұратын "Қызыл жебе", "Ай мен Айша" (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990-2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, "Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда" (К. Смайыловпен бірге) (1998), "Бір кем дүние" (2008) кітаптары жарық көрген.  Оның шығармалары КСРО халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар