Алматыда студенттер арасындағы футзалдан әлем чемпионатына дайындық жұмыстары жалғасуда

06 тамыз, 2018, 10:17 1802 Алматы
Алматыда студенттер арасындағы футзалдан әлем чемпионатына дайындық жұмыстары жалғасуда

Жарыстар барлық заманауи талаптарға жауап беретін екі ірі спорт кешенінде – Almaty Arena  және Halyk Arena  өтеді.

Алматыда тамыздың 19-ы мен 26-ы аралығында өтетін студенттер арасындағы футзалдан әлем чемпионатына бір айдай уақыт қалды. Теңбіл доп додасына төрткүл дүниенің 16 ер және 9 әйелдер құрамалары жарыс жолына шығады, деп хабарлайды BNews.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл спорт мерекесі жайында Ұлттық студенттік лиганың басшысы, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Дамир Шыныбеков  атқарылып жатқан жұмыстары туралы  айтып берді.

"Біздің еліміз ірі спорттық іс-шараларды өткізуде зор тәжірибеге ие. Тек соңғы жылдардың  өзінде Қазақстанда, атап айтқанда, Алматыда әлемдік деңгейдегі көптеген спорт жарыстары өткізілді. Футзал сияқты динамикалық және әсерлі спорт түрінен әлем чемпионаты  біздің қаламыздың тұрғындары мен қонақтары үшін үлкен мереке болмақ. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен барлық спорт сүйер қауымды әлемді мойындатқан спорт шеберлерінің жарысын тамашалап, жанкүйер болуларыңызға шақырамын. Алматылық "Қайрат" футзал клубының әлемдік аренадағы жетістіктерінің арқасында Қазақстан осы спорт түрін дамытып жатқан елдер арасында. Алматыда өтетін студенттер арасындағы әлем чемпионаты  осыған дәлел", - деді Дамир Шыныбеков.

Сондай-ақ, Ұлттық студенттік лиганың президенті Қазақстан әлем чемпионатын өткізу құқығын қандай жағдайларда алғанын атап өтті.

"Бұл 2015 жылдың қазан айында болған. Әлемнің бірнеше ірі қалалары осындай ауқымды турнирді өткізу құқығына таласты, нәтижесінде FISU шешімімен таңдау Алматыға түсті. Бұл ауқымды оқиға алғаш рет ТМД аумағында өткізілетінін атап өту керек", - деді Дамир Әбдухалиұлы.

Сонымен қатар, Алматыда  дүниежүзінің  ең мықты футзал командалары әлем чемпионы атағын сарапқа салатын болады. Жарыстар барлық заманауи талаптарға жауап беретін екі ірі спорт кешенінде – Almaty Arena  және Halyk Arena-да өтеді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына осы жылғы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" деп аталатын Жолдауында қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейтуге баса назар аударған болатын.

"Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек", - деп тапсырды Елбасы.

Әлем чемпионатының ұйымдастырушылары - FISU, Қазақстан студенттік спорт федерациясы, футзал  Ұлттық студенттік лигасы. Сонымен қатар, ұйымдастыру комитетіне Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі және Алматы қаласының әкімдігі кірді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар