Алматыда тағы үш бағыттың автобустары жаңарды - Жаңалықтар | BNews

Алматыда тағы үш бағыттың автобустары жаңарды

Написать нам
19 қазан, 2018, 10:53 2817 Алматы
Алматыда тағы үш бағыттың автобустары жаңарды

"Алмагүл" елді мекені мен метроның "Райымбек" бекеті арасын жалғастыратын №98 бағыт бойынша "City-BUS" жеке тасымалдаушы "МАЗ" маркалы әрі Евро-5 эколгиялық сыныбына сай, төмен еденді 15 автобус сатып алды.

Алматыда тағы үш бағыттың автобустары жаңарды. Алматыда көлікті реформалау аясында қаланың қоғамдық көлігін жаңарту одан әрі жалғасуда. Жұмыс сапары кезінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек жеке тасымалдаушылар алған жаңа автобустарды көрді, деп хабарлайды BNews.kz қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Алмагүл" елді мекені мен метроның "Райымбек" бекеті арасын жалғастыратын №98 бағыт бойынша "City-BUS" жеке тасымалдаушы "МАЗ" маркалы әрі Евро-5 эколгиялық сыныбына сай, төмен еденді 15 автобус сатып алды. Автобустардың сыйымдылығы үлкен, кондиционерлермен жабдықталған және кузовы иілмелі. Жақын күндері Алматыға осындай тағы 35 автобус жеткізіледі.

Қаладағы №2 автобус паркі №67 бағыт бойынша қызмет көрсету үшін 17 төмен еденді автобустар алған еді, енді тағы екі бағыттың жылжымалы составын жаңарту жоспарлануда.

"Біз жолаушыларды сонау 90-жылдардағы ескі көліктермен тасымалдап келдік. Адамдар үнемі реніш білдіретін. Бағыттарды субсидиялау арқасында біз автобустарды жаңартып, жиілікті 100%-ға қамтамасыз етудеміз әрі жүргізушілердің айлығын 240 мың теңгеге дейін көтердік", - деді компания директоры Шамиль Нуриев.

Бұлардан өзге, "БаТу Travel" компаниясы №102 бағытындағы көліктерді жаңартты, олар Шаңырақ, Акбұлақ, Ұлжан, Өжет, Айнабұлақ елді мекендері мен "Алматы-1" теміржол вокзалын қамтиды. Бағытта сыйымдылығы шағын 18 автобус жүруде, барлығы видеокамералармен жабдықталған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына осы жылғы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Жолдауында интеллектуалды көлік жүйесін енгізу қажеттігін атап өткен еді.

"Бұл жүйе көлік ағынын тиімді басқаруға және инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін анықтауға жол ашады. Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту керек. Осыған жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Бұл жұмысқа өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын қамтамасыз ету керек", - деді Мемлекет басшысы Жолдауда.

Айта кетерлігі, Алматыда жыл аяғына дейін жаңарған қоғамдық көліктің деңгейін 80%-ға дейін жеткізу жоспарланған.

Бағыттарды субсидиялау ережесінің басты талаптарының бірі автобус парктерінің жүргізушілер жалақысын көтерулері болып саналады, соның арқасында өз ісінің білікті мамандары тартылып, сервис сапасы артуда.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматы көлік жүйесінің кешенді жүйесін жүзеге асырғаны үшін ақылды қалалар Еуропалық форумының жоғары марапатын иеленді.

Конкурс комитеті Алматының көлік реформасын жүйелі жүргізгенін, қоғамдық көліктегі табыстың ашықтығына цифрлық технологияны ұтымды пайдаланғанын, кірісті көлеңкелі айналымнан шығарғанын, экологияны жақсартуға басымдық бергенін және басқа негізгі критерийлерді жүзеге асырғанын атап өтті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар