Алматыда тұңғыш рет шорт-тректен әлем кубогінің кезеңі өтеді

23 қараша, 2018, 16:08 3190 Алматы
Алматыда тұңғыш рет шорт-тректен әлем кубогінің кезеңі өтеді

Бүгінге дейін әлемнің 18 мемлекетінен 151 спортшы өтінім беріп үлгерді. 

7-9 желтоқсаны аралығында Алматыдағы "Халық Арена" спорт кешенінде шорт-тректен әлем кубогінің үшінші кезеңі өтеді деп хабарлайды BNews.kz ҚР ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақстанның халықаралық жарыстарды өткізу тәжірибесінің жоғары екенін ескерген Халықаралық конькишілер федерациясы (ISU) Алматыға әлем кубогі кезеңін алғаш рет сеніп тапсырып отыр.  

"Елімізге ISU-дың үздік ұйымдастырушы мамандары да ат басын тірейді. Атап айтар болса, ISU-дың техникалық комитетін Канададан шыққан Олимпиада чемпионы Натали Ламберт бастап келмек. Ол 1992 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында бір алтын, екі күміс жеңіп алған. Сондай-ақ, көпсайыс бойынша әлем чемпионаттарында үш рет топ жарған", - деп мәлімдеді Ұлттық Олимпиада комитетінде.

Әлем кубогі шорт-тректен өтетін ең ірі халықаралық жарыс саналады. Алматыға алғаш рет шорт-трек жұлдыздары қадам баспақ. Бүгінге дейін әлемнің 18 мемлекетінен 151 спортшы өтінім беріп үлгерді. Жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға еліміздің спорт саласындағы үздік мамандар жұмылдырылып отыр. Атап айтар болсақ, 2011 жылғы Азия ойындары мен 2017 жылғы Универсиаданы ұйымдастырған кәсіби мамандар жұмысқа тартылуда. 

Шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков өз жерімізде өтетін додада ел намысын кімдер қорғайтынын мәлімдеді.

Алматы айдынында төмендегі спортшыларымыз жүлдеге таласады: 

Әйелдер: Әлия Ким, Анастасия Крестова, Ольга Тихнонова, Әсел Тайшыманова, Анита Нагай, Яна Хан. 

Ерлер: Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Денис Никиша, Мерсаит Жақсыбаев, Еркебұлан Шамұханов және Әділ Ғалиахметов. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар