Алматыда жатыр мойны және сүт безі обырын анықтауға 322 млн теңге бөлінді

16 қазан, 2018, 11:39 1936 Алматы
Алматыда жатыр мойны және сүт безі обырын анықтауға 322 млн теңге бөлінді

Мамандардың айтуынша, әйелдер 30 жастан асқаннан кейін 4 жылда бір рет жатыр мойны обырына, 40 жастан асқаннан кейін 2 жылда бір рет сүт безі ісігіне тексеріліп тұруы тиіс.

Биыл Алматыда сүт безі және жатыр мойны обырын анықтау жұмыстарына 322 млн теңге бөлінді. Қаржы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті аясында берілді. Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.  

Мамандардың айтуынша, әйелдер 30 жастан асқаннан кейін 4 жылда бір рет жатыр мойны обырына, 40 жастан асқаннан кейін 2 жылда бір рет сүт безі ісігіне тексеріліп тұруы тиіс.

"Әйелдер өзі тіркелген емханаға барып, маммографиялық тексеруден тегін өте алады. Егер қандай да бір ақаулар анықталып жатса, екінші рет маммография жасатуға, ультрадыбыстық зерттеуден өтуге және биопсия тапсыруға жолдама беріледі. Мұның бәрін Алматы онкологиялық орталығында жасатуға болады. Қор нысаналы топтар бойынша 80 975 адамға қаржы бөлді", - деді Тілеухан Әбілдаев.

Ол Қазақстанда сүт безі обыры онкологиялық аурулар арасында алғашқы орында тұрғанын атап өтті.

"Елімізде жыл сайын 4 мыңнан астам әйел аталған дерт тырнағына ілігеді екен. Ертерек қолға алса, ауруды емдеп жазуға әбден болады. Сондықтан мемлекет ұсынып отырған диагностикалық мүмкіндіктерді жіберіп алмауға шақырамыз", - деді Алматы филиалы директоры.

Тағы бір айта кетерлігі, Алматы тұрғындары тіркелген емхана арқылы жатыр мойны қатерлі ісігіне тест тапсыруына болады. Қор аталған тестке арнап 81 181 адамға қаражат бөлді.

Естеріңізге сала кетсек, Медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдың 9 айында оңтүстік астана тұрғындарына тегін қызмет көрсеткен емдеу мекемелеріне 70 млрд теңгеге жуық қаржы бөлген болатын. Бұл алматылық клиникалармен бекітілген келісімшарт сомасының 70 пайызы. Жалпы, Алматы қаласы бойынша Медициналық сақтандыру қоры 171 медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: