Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты екінші күдікті ұсталды - Жаңалықтар | BNews

Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты екінші күдікті ұсталды

20 шілде, 20:18 3898 Алматы
Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты екінші күдікті ұсталды

Алматыда полиция қызметкерлері 1994 жылы 23 желтоқсанда туған Қызылорда облысының тумасы Құдайбергенов Арман Бөрібайұлын қолға түсірді.

Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің өліміне қатысты екінші күдікті ұсталды. Бұл ақпаратты ҚР ІІМ растады, деп хабарлайды BNews.kz

Алматыда полиция қызметкерлері 1994 жылы 23 желтоқсанда туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Құдайбергенов Арман Бөрібайұлын қолға түсірді.

"Күдіктіні ұстауды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Алматы қаласының Ішкі істер департаменті арнайы құрылған жедел-тергеу тобы жүргізді. Ол Ақсай-2 ықшам ауданында, 42 орта мектептің маңында ауқымды іздестіру іс-шараларынан кейін қолға түсті", - деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Бұған дейін ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі оның бет-бейнесіне қатысты мәліметтері таратты.

Еске салсақ, бірінші күдікті де бүгін ұсталды. Ол 24 жастағы Жамбыл облысының тумасы Қиясов Нұралы. Ол өзінің жасаған қылмысын мойындады.

Қайғылы оқиға 19 шілде күні Алматыдағы Құрманғазы Байсейітов көшелерінің қиылысында түскі 15:00-дер шамасында болған еді. Спортшы көлігінің айнасын ұрлап бара жатқан екі адамның үстінен түскен. Сол уақытта басталған жанжалдың нәтижесінде әлгі адамдар Денис Тенді пышақтап кеткен. Денис Тен медициналық жедел жәрдем бригадасымен Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. 

Бірнеше сағат бойы оның өмірі үшін арпалысқан дәрігерлер алған жарақатының ауырлығына байланысты оның өмірін сақтап қала алмады. Ауруханаға жеткізілгеннен екі сағаттан кейін, 17:30-да ол қайтыс болды.  

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің қайғылы қазаға ұшырауына байланысты оның отбасына көңіл айтып, жеделхат жолдаған болатын.

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев телефон арқылы Денис Теннің ата-анасына хабарласып, көңіл айтты. Мемлекет басшысы Денистің мезгілсіз дүниеден өтуі - жақындары мен туыстары үшін ғана емес, тұтас мемлекет үшін орны толмас қаза екенін жеткізді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 21 шілде күні сағат 10:00-де Алматы қаласындағы "Балуан Шолақ" спорт сарайында өтеді.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметі Денис Тенмен қоштасу рәсімі Алматы қаласымен қатар Астанада да өткізілетінін хабарлады. 21 шілде күні Астанада сағат 10:00-де "Барыс-Арена" спорт кешенінде танымал мәнерлеп сырғанаушы, елімізге еңбегі сіңген спорт шебері, 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тенді еске алуға арналған азаматтық жаназа өтеді.

Министрлікте 21 шілде күні Алматы қаласында сағат 8:30-да Денис Теннің денесі үйінен шығарылатынын атап өтті. Азаматтық жаназа Абай-Байтұрсынов көшелерінің қиылысында сағат 10:00-де өтеді. Ал 11:30-да Достық кентіндегі зиратқа бару жоспарланған.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары