Алматылықтар Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салды

21 шілде, 2018, 13:32 2867 Алматы
Алматылықтар Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салды

Ол 19 шілде күні қайтыс болған еді.

Алматыда Олимпиада ойындарының жүлдегері Денис Тенмен қоштасты, деп хабарлайды BNews.kz. Оны 19 шілдеде қаскөйлер пышақтап кеткен еді.

Қоштасу сəтінде мəртебелі қонақтардың сөзінен кейін Денистің табытын өзі жазған əнмен алып шықты. Соңғы сапарға қазақстандық спорт өнерінің жұлдызы Денис Тенді өзі жазған She wont be mine әнімен шығарып салды. Ол бұл әнді жақында ғана жазып бітірген екен. Жиналған жұрт музыканы көз жастарына ерік беріп, қол соғып тұрып тыңдады. Чемпионмен қоштасуға он мыңға жуық қазақстандық келді.

Алматыда өткен Денис Тенмен қоштасу рәсіміне Қазақстанның аты аңызға айналған спортшысы Геннадий Головкин де АҚШ-тан арнайы келді. Ол ұшып келерден бұрын өзінің инстаграмдағы парақшасында "Ініме ұшып бара жатырмын" деп жазған болатын. Жаназада Геннадий Головкин Денистің анасының жанында отырды. Оның жүзінен ашу мен ызаны байқауға болады.

Жиналғандар спортшыны ерекше құрметпен ақтық сапарға аттандырды. Осыдан бір ай бұрын ғана Денис 25 жасқа толған еді. Ол мəнерлеп сырғанаудан биіктерді бағындыру үшін тынбай еңбектенетін. Сондай-ақ, ол əн жазып, оны орындаумен айналыса бастаған. Тіпті фильм түсіргісі келген екен.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қайтыс болды. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның қылмысының үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге  пышақ салған. Күдіктілер ұсталды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар