Алматының қоғамдық кеңесінде қоғамдық қауіпсіздікті талқылау бойынша тыңдалым өтті

Написать нам
25 шілде, 2018, 12:58 1834 Алматы
Алматының қоғамдық кеңесінде қоғамдық қауіпсіздікті талқылау бойынша тыңдалым өтті

Қоғамдық кеңес мүшелері Қалалық ішкі істер департаментінің жұмысын жақсартуға қатысты қала тұрғындарының бірқатар ұсыныстарын атап айтты.

Бүгін Қоғамдық кеңес алаңында қалалық белсенділердің, үкіметтік емес ұйымдар мен қала тұрғындарының қатысуымен Алматы қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тыңдалым өтті. Қоғамдық кеңес мүшелері Қалалық ішкі істер департаментінің жұмысын жақсартуға қатысты бірқатар нақты шаралар мен қала тұрғындарының ұсыныстарын атап айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.  

Қоғамдық кеңес төрағасы Рахман Алшанов тыңдалым барысында Алматы қаласы тұрғындарының ұсыныстарын ортаға салды.

"Жұртшылық тарапынан әртүрлі қауіпсіздік жұмыстарына қатысты көптеген ұсыныстар келіп түсті. Мысалы, 102 колл-орталығының жұмысын жақсарту қажет. Бұл орталық қызметкерлерінің санын көбейту қажет, себебі, көп жағдайда адамдар қоңырау шалып, хабарласа алмай жатады. Сонымен қатар, тұрғындар амнистия және пробация жүйесі арқылы босатылған сотталған азаматтарды бейімдеу мен оңалтуға қатысты жағдайға алаңдаушылық білдірді. Қалалық ішкі істер департаменті мен аудандық полиция бөлімшелерінің басшыларына KPI енгізу қажеттігі туралы мәселе белсенді талқыланды. Сондай-ақ, жалақы туралы, кәсіби кадрларды іріктеу мәселелері де бар", - деді Рахман Алшанов.

Өз кезегінде Қоғамдық кеңестің мүшесі Марат Шибутов азаматтар мен полицияның ұсақ құқық бұзушылықтарға төзімсіздік мәселесін көтерді.

"Әлеуметтік желілерде тұрғындар ұсақ құқық бұзушылықтардың көп жағдайда аяқсыз қалатынын жазады. Сол себепті адамдардың полицияға деген сенімі жоғалады. Егер жоғалған кәріз люгі немесе телефонды уақытылы таба алмаса, онда олардың елеулі ұрлық немесе қарақшылыққа қатысты істі аша алатынына сену қиын. Сондықтан полиция бұл мәселеге назар аударуы керек", - деген пікірімен бөлісті Марат Шибутов.

Бүгінгі өткен тыңдалымның қорытындысы бойынша айтылған барлық ұсыныстарды Қоғамдық кеңес заңды тұрғыдан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Парламентіне жолдайтын болады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына осы жылғы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" деп аталатын Жолдауының "Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі" атты бөлігінде мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналатынын, атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс екенін нақты айтып өткен болатын. 

Қазақстан Президентінің айтуынша, сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда. Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді. Адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейді. Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалды.   

Елбасы 2018 жылдың 10 қаңтарындағы қазақстандықтарға Жолдауында өкілетті органдарға қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында бірқатар тапсырма берген болатын.

"Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет. Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керек", - деп тапсырды Мемлекет басшысы. 

Жалпы айтып өтер болсақ, жұртшылық құқық қорғау органдарының басшылығынан аталған ұсыныстар бойынша нақсы іс-әрекеттер күтеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: