Алматының қуыршақ театры халықаралық фестивальдерге жол тартады - Жаңалықтар | BNews

Алматының қуыршақ театры халықаралық фестивальдерге жол тартады

24 шілде, 16:13 1887 Алматы
Алматының қуыршақ театры халықаралық фестивальдерге жол тартады

Театр ұжымы гастрольдік сапары барысында бірнеше елге барады.

Алматыдағы Қуыршақ театры халықаралық фестивальдерге жол тартады. Бұл туралы Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Талғат Есеналиев Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, Мемлекеттік қуыршақ театрының ұжымы театрдың 83-маусымында қатарынан бірнеше фестивальдерге шақырту алды. Атап айтар болсақ, IX Халықаралық "Петрушка Великий" (Ресей, Екатеринбург қаласы) театр фестивалі, IV Халықаралық "Ассалаумағалейкум" қуыршақ театры фестивалі (Қазақстан, Ақтөбе қаласы), үлкендерге арналған VI Халықаралық "Соломенный жаворонок" қуыршақ театры фестивалі (Ресей, Челябинск қаласы), VI Халықаралық "Чодари хаел" қуыршақ театры фестивалі (Тәжікстан, Душанбе қаласы) бар.

Биылғы жылдың сәуір-мамыр айларында еліміздің батыс бөлігінің Ақтөбе, Орал және қала аудандарында, шілдеде елордамыз Астанада, қазан айында Көшетау және Ақмола облысында, қараша айында Жамбыл облысында гастрольдік сапар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. 

"Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасы аясында гастрольдік сапарларды да жиі ұйымтастырып, өзге қалалардың өнер сүйер жандарына қызықты әрі қызғылықты қойылымдарды тарту етуді дәстүрге айналдырған ұжым сәуір айында еліміздің батыс өңірі, Орал, Ақтөбе қалаларында, мамыр айында Алматы облысының Шу қаласы мен Меркі аудандарында гастрольдік сапарда болса, ағымдағы жылдың 23-24 маусым күндері Алматының Астана қаласындағы мәдени күндері аясында Астана қаласында кезекті гастрольдік сапарын ұйымдастырып, елордалықтар мен қала қонақтарының назарына театр репертуарындағы үздік қойылымдар ретін ұсынды", - деді Талғат Есеналиев.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына осы жылғы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" деп аталатын Жолдауының "Адами капитал – жаңғыру негізі" атты бөлігінде ұлттың әлеуетті арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керектігін атап өткен болатын. 

"Рухани жаңғырудың" мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс", - деді Елбасы.

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратова атындағы "Құралай" II Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі елордада аяқталды. Аталмыш өнер мерекесінде 1-4 шілде аралығында Тунис, Босния, Герцеговина, Бельгия, Италия, Польша, Ресей, Түркия, Эстония, Сербия және Қазақстан елдерінің қуыршақтар театрының ұжымдары өнер көрсетті. 1 шілде фестивальдің салтанатты ашылуында театр директоры, мәдениет қайраткері Т.Есеналиев бастаған Мемлекеттік қуыршақ театрының ұжымы салтанатты шеруден өтіп, еліміздің атынан қатысып жатқан өнер ордасы фестивальдің салтанатты шымылдығын театр репертуарындағы режиссер Қ.Ешмұратованың сахналауындағы "Қаңбақ шал" xалық ертегісімен түріп, арнайы дипломмен марапатталды.

"Қазіргі таңда театр ұжымы кезекті еңбек демалысына шықпастан жаздай репертуарға сай жұмыс жасап, аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері қала тұрғындары мен қонақтарының назарына қойылымдар ретін ұсынуда. Сонымен қатар, өнер ордасы театр сахнасынан тыс Алматы Мемлекеттік хайуанаттар саябағында да аптаның сенбі, жексенбі күндері кішкентай көрермендеріне қызықты спекткальдерді ұсынып жатыр", - деп атап өтті Талғат Есеналиев.

Театрда осы жылдың жарты жылдығында 277 қойылым қойылған.

Талғат Қамқабайұлының айтуынша, бүгінге дейін өнер ордасы қаңтар айынан бастап балаларға арнап "Аква ертегі", "Сағыныш шөбі", "Тоба"  спектакльдерінің шымылдығын түрді. Театр ұжымы "қуыршақ театры – балаларға арналған театр" деген ұғымды бұза отырып, жоғары оқу орындарының студенттеріне, үлкендерге арналған спектакльдер ретін сахналай бастады. Өнер ұжымы әрдайым ізденіс үстінде. 

"Шыңғыс Айтматовтың "Ана – Жер ана" трагедиясы еліміздің бірнеше драмалық театрларында сахналанып, әйгілі Ә.Мәмбетовтың режиссерлік қолтаңбасындағы нұсқасы Мемлекеттік сыйлыққа ие болғаны мәлім. Бүгінде арада қанша жыл өтсе де, өзектілігін жоғалтпаған классикалық шығармаға дарынды режиссер Д.Жұмабаева екінші тыныс сыйлап, жаңаша форматта режиссерлік, актерлік шешімін таба отырып, жазушының суреткерлік қырын өнер сүйер жанға өзгеше тұрғыдан сипаттай отырып, қуыршақтар бейнесінде алғаш рет "Ана – Жер ана" шығармасын сахналады. Сан ғасыр бұрын болған тарихи оқиғаны бүгінгі ұрпақтың жанына жеткізу, көз алдына келтіру – үлкен өнер. Аталмыш қойылым қазіргі таңда көрермен тарапынан зор сұранысқа ие болып отыр", - деді Талғат Қамқабайұлы.

Қазіргі қарбалас қоғамның түйіткілді  мәселесіне айналған ата-ана мен бала арасындағы қатынас, дәлірек айтсақ ана қадірі, баласының еркелікпен жасаған қате қадамдары жайында қойылған "Ана жүрегі" спектаклі өзінің тұрақты аудиториясын қалыптастырып, театртанушылар тарапынан оң пікір тудырды. Спектакль ақпан айының 1-15 күндері аралығында Франция, Ұлыбритания, Ресей, Германия, Өзбекстан және Қазақстанның үздік өнер ұжымдары қатысып, бақ сынап, өзара тәжірибе алмасқан "Откровение" V Халықаралық орындаушылық өнер фестивалінде қатысып, кәсіби сарапшылардың жоғары бағасына ие болды.  Дәл осы екі қойылым бүгінгі қуыршақ театрына жаңа леп, өзгеше үн сыйлады. Мұндай шығармаларды сахналау өзіндік ізденісті, терең психологиялық зерделеуді, тіпті балалық мінез бен қасиетті игерген режиссураны талап етері анық. Осы тұста театр шет жақтан дарынды режиссерлер мен суретшілерді арнайы шақыртып, шығармашылық ұжымның кәсіби деңгейінің күн санап өсуіне үнемі ықпал жасап отырады. Сонымен қатар, сахналанған жаңа қойылымдарды кәсіби театр сыншыларының сараптамасынан өткізуді әсте дағдыға айналдырған.  

Театр ұжымы Халықаралық қуыршақ театры күніне орай алғаш рет осы жылдың 15-18 наурыз күндері аралығында "Қуыршақтар шақырады – 2018" атты фестивалін өткізді. Фестивальдің басты мақсаты – театр репертуарындағы 2017-2018 жылдар аралығында саxнаға жол тартқан қойылымдарды саралай отырып, қуыршақ өнерінің қоғамға әсер-ықпалын арттырып, дәстүрлі ұлттық қуыршақтарымызды жаңғырта түсу арқылы жас ұрпақты ізгілік идеяларына тәрбиелеу. Қуыршақ театры өнерінің дамуы жолында көркемдік-эстетикалық ізденіс көкжиегін кеңейту.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: