Алматының метро бекеттерін безендіруде Сарыарқаның сұлулығын көрсету негізге алынған - Жаңалықтар | BNews

Алматының метро бекеттерін безендіруде Сарыарқаның сұлулығын көрсету негізге алынған

03 тамыз, 18:18 3117 Алматы
Алматының метро бекеттерін безендіруде Сарыарқаның сұлулығын көрсету негізге алынған

"Сарыарқа" және "Достық" бекеттерінің интерьерін бекіту бойынша жүргізілген байқау жеңімпаздарын мәлім етті.

Алматыдағы "Сарыарқа" және "Достық" бекеттері  интерьерлерінің сәулет-көркемдік безендіру кезіндегі негізгі идеясы – Сарыарқаның кең ауқымды сұлулығы мен бірегейлігін көрсету. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында "Метрополитен" КМК күрделі құрылыс қызметінің бөлім басшысы Мақсат Сейтқұлов айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 

Оның айтуынша, қазіргі таңда метрополитеннің екінші іске қосу кешенінің құрылысы жүргізілуде, оның бірінші желісі екінші кезегінің екінші іске қосу кешенінің учаске трассасы Алтынсарин даңғылынан Яссауи көшесіне дейін батыс бағытта Абай даңғылы астында орналасқан. Аралық тоннельдер және пилон типті терең төселген – Сарыарқа бекеті және төмен төселген – Достық бекеті сияқты екі бекеттен тұрады. Екі жолтабанды есептегенде құрылыс ұзындығы – 3,08 километрді құрайды.

"Метрополитеннің екінші іске қосу кешенін пайдалануға бергеннен кейін оның қызметтеріне сұраныстың болжамды есептерінің қорытындылары бойынша күнделікті жолаушылардың күтілетін саны 85 мың адамнан асады. Ол метрополитенде жолаушылар тасымалын елеулі арттырады және Абай даңғылындағы көлік қозғалысының легін бірнеше есеге жеңілдетеді", - деді Мақсат Сейтқұлов.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына осы жылғы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" деп аталатын Жолдауында бүгінде Қазақстан арқылы бірнеше трансконтиненталды коридор өтетіні туралы айтқан еді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Интеллектуалды көлік жүйесін енгізу қажет деп тапсырған болатын. Бұл жүйе көлік ағынын тиімді басқаруға және инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін анықтауға жол ашады. Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту керек. Осыған жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Бұл жұмысқа өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын қамтамасыз ету керек.

Ол Сарыарқа бекетінің қаланың қай бөліктері арқылы өтетінін айтып берді.

"Сарыарқа бекеті "Фэмели" паркінің жанында орналасқан, бекет қаланың халық тығыз орналасқан елді мекендерінің бірін, яғни №3, 4, 5, 6, 7, 8 және 12 шағын аудандарын қамтиды. Екі жерасты вестибюлі және кіреберісі бар Достық бекеті Момышұлы көшесінен батысқа қарай жүріс бөлігінің астында Абай даңғылының бойында орналасқан. Бекет Жетісу, Жетісу-2, Жетісу-4, Мамыр, Мамыр-5, Мамыр-7 шағын аудандарын қамтиды", - деп баяндады спикер.

"Алматы метрополитені құрылысының бірегейлігі аса күрделі геотехникалық факторлар кешенімен анықталады: Солтүстік Тянь-Шаньның күрделі аймақтық геодинамикасы, яғни аумақтың жоғары сейсмикалылығы MSK шкаласы бойынша – 9-10 балл; тау аралық шұңғыманы тәрізді еңіс бедері бар бау бөктері; топырағы әртүрлі, беріктігі төмен, едәуір мөлшердегі қойтастардан жасалған малта тастар" - деп түсіндірді бөлім басшысы.

Сондай-ақ, ол "Сарыарқа" және "Достық" бекеттерінің интерьерін бекіту бойынша жүргізілген байқау жеңімпаздарын мәлім етті.

2016 жылғы 24 қарашадағы "Сарыарқа" және "Достық" бекеттерінің интерьерін бекіту бойынша эскизді жобаларды қарастыру жөніндегі комиссия отырысының хаттамасында "Сарыарқа" бекеті бойынша №2-нұсқа – жоба авторлары "Метропроект" ЖШС сәулетшілері М.П.Фролов және И.Л.Антонованың жұмыстары үздік деп танылып, жеңімпаз болып белгіленді және әрі қарай жобалауға ұсынылды", - деп хабарлады Мақсат Сейтқұлов.

"Метрополитен" КМК күрделі құрылыс қызметінің бөлім басшысы бекетті безендіру жұмыстарын жүргізу барысында қандай идея негізге алынғанын айтып өтті.

"Бекет интерьерлерінің сәулет-көркемдік безендіру кезіндегі негізгі идеясы - Сарыарқаның кең ауқымды сұлулығы мен бірегейлігін көрсету. Панно фоны көмескі жарығы бар мәрмәр оникстен жасалған", - деп атап өтті спикер.

Айта кеткен жөн, Алматы метросының бірінші кезегінің алғашқы торабы 2011 жылдың 1 желтоқсанында пайдалануға берілді. Ұзындығы 8,56 километрлік тұңғыш метро жолы 7 бекетті қамтыды: "Райымбек батыр", "Жібек жолы", "Алмалы", "Абай", "Байқоңыр", "Мұхтар Әуезов атындағы драма театры" және "Алатау".

"Алматыметроқұрылыс" АҚ Алматы метросының бірінші іске қосу кешені бойынша екінші кезектегі алғашқы желіні тәмәмдады.

Бірінші іске қосу кешеніне қарасты "Алатау", "Сайран", "Мәскеу" бекеттерінің тоннельдерін ұңғылау, "Сайран" бекетінен "Мәскеу" бекетіне дейін №121, 122 төменгі айналмалы желдетпе оқпандарын қазу жұмыстары жасалды.

Бірінші іске қосу бөлігінің ұзындығы 2,73 км, пайдалануға берілетіні 2,5 км. Орташа тереңдігі – 14 метр шамасында.

Алматы метрополитенінің бірінші бөлігінің екінші кезегіндегі алғашқы желі 2015 жылдың 18 сәуірінде пайдалануға берілді. "Алматыметроқұрылыс" АҚ қазіргі кезде екінші бөлік бойынша екінші кезектің алғашқы желісінің құрылысын жүргізуде. Екінші кезектегі екінші іске қосу кешені Абай даңғылының астымен өтетін екі бекетті желіні қамтиды. Жұмыс барысында жергілікті жер жағдайы, инженерлік­геологиялық ерекшеліктері және қала құрылысы факторлары ескерілді. Күрежолдың ең жоғарғы бағыты – 34%, ал ең кішісі – 3%-ды құрады. "Сарыарқа" мен "Достық" атты желілер шығыстан батысқа қарай созылады. Алтынсарин даңғылы мен Өтеген батыр көшелері аралығындағы "Мәскеу" бекеті тоннеліндегі құрылыстың басталды, сондай-ақ Момышұлы мен Яссауи көшелерінің аралығындағы аумақта екінші бөліктің іске қосу кешені құрылысының аяқталды.

Алматы метросы Қазақстандағы тұңғыш, Орта Азиядағы Ташкенттен кейінгі екінші және ТМД­дағы он алтыншы метро болмақ.

2002 жылы метро құрылысы ірі инвестициялық жоба ретінде жарияланып, ҚР Президентінің бұйрығы бойынша Алматы қаласын өркендетудің 2003­-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілуі, қосымша қаржы бөлінуі метро құрылысшалары үшін бетбұрыс кезең болды. Тұтас алғанда қаржыландыру көлемінің ұлғаюы құрылыс жұмыстарының көлемін арттыруға, жаңа инновациялық технологияларды енгізуге мүмкіндік туғызды.

Алматы метросын салудағы ең бір күрмеуі қиын күрделі жағдай қаланың жоғары сейсмикалық қауіпті аймақта орналасуына байланысты. Қала тоғыз балға дейінгі қуатты жер сілкінісі болуы мүмкін аймақта орналасқан. Сейсмикалық қауіпті аймақта құрылыс жүргізу үшін құрылыс технологиясының талаптары қатаң сақталуы тиіс.

Оның сыртында метро құрылысы аумағындағы жер асты топырағының ерекшелігі айтарлықтай қиындықтар туғызды. Тіпті ең жаңа, қуатты техниканың өзімен жұмыс істеу оңай болған жоқ. Осындай күрделі жұмыстарға жаңа технологиялық әдістер мен құрал­жабдықтар қажет болды. Ұңғылау жұмыстарына қуаты күшті алып қазба кешендері қолданылды.

"Бамтоннельстройдың" констукторлық бюросы жапонның "Като" экскаваторының негізінде арнаулы ұңғылау кешенін құрастырып шығарды, ол қазу жұмысы мен тоннель төсемдерін орналастыруға, тоннельді көлденеңінен түйістіруге арналған бүкіл қосалқы жұмыстардың барлығын жасауға мүмкіндік берді.

2006 жылы метро құрылысшыларын "Herrenkneht AG" компаниясы Алматының жағдайында жұмыс істеуге қолайлы ТПМК механикалы кешенімен қамтамасыз етті.Бұл кешен метроның ұңғылау жұмыстарын жобаға сәйкес және пайдалану талабынан шығатындай жүргізуді, көліктердің тоқтаусыз және қауіпсіз жүруін, құрылыс консрукцияларының мызғымастай берік болуын, экологиялық қорғанысын қамтамасыз етті.

"Алматыметроқұрылыс" АҚ-ның мамандары метроның бірінші бөлігін мерзімінде тапсыру үшін құрылыс жұмысына қазіргі заманғы құрал­жабдықтар мен жаңа технологияны қолданды. ТМД аумағында тұңғыш рет жаңаавстриялық тоннель әдісі пилондық үлгідегі "Жібек жолы" бекетінің құрылысына қолданылды. Осы технология "Алмалы", "Абай", "Байқоңыр", "Мұхтар Әуезов атындағы драма театры", сондай-­ақ "Сарыарқа" бекеттерінде де қолданылды", - деді спикер.

Оның сөзінше, метро құрылысын салу ірі қала және заманауи мегаполистің мұқтаждығымен байланысты туындады, бұл өз кезегінде қала өнеркәсібінің даму деңгейі мен кадрлық әлеуетінің артқандығын көрсетеді.

"Қазіргі қала құрылысының негізгі үрдісінің бірі – қала шаруашылығын тиімді дамыту үшін жер асты көлігін пайдалану. Мемлекет пен қала басшылығы тарапынан іске қосылған және салынып жатқан Алматы метросын дамытуға ұдайы көңіл бөлініп келді – бұл қоғамдық көлікті жаңартудың белсенді үдерісін айғақтайды. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің сөзіне жүгінсек: "Алматы метросының өзіндік тарихы бар. Оның құрылысы сонау 80-­жылдарда басталса да, Мемлекет басшысының тікелей қамқорлығының арқасында өмірге жолдама алуы Тәуелсіз Қазақстанда жүзеге асты. Тіпті дағдарыс жылдарында да жобаны  қаржыландыру тоқтатылмады", - деп қала әкімінің сөзіне тоқталды Мақсат Сейтқұлов.

Оның айтуынша, Алматы метрополитені экологиялық тиімді әрі қауіпсіз көлік түріне айналуы тиіс. Алматының көлік қатынасы жағдайын дамыту тек метро мәселесін шешу арқылы жүзеге аспақ. Соңғы жылдары күннен­-күнге көбейіп келе жатқан автокөліктер жолдардағы жағдайды қиындатуда. Көлік кептелістерінің зардабын қала тұрғындары шегіп отыр. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Алматы жолдарында автокөліктердің, қоғамдық көліктердің жылдамдығы төмен, қоршаған орта ластанған, көшедегі шуыл шамадан тыс жоғары. Осы тығырықтан шығудың бірден­-бір жолы қала метросына келіп тірелді.

"Шын мәнісінде, Алматы метрополитені – нағыз табандылықтың үлгісі. Әрқашан да, кейде тіпті адам нанғысыз жағдайларда "Алматыметроқұрылыс" АҚ­ ұжымы аянбай еңбек етіп, абырой биігінен көрініп келеді. Экономикалық түйткілдер, өнеркәсіптік қиындықтар, жер бедерінің күрделілігі және басқа да қиындықтар – метро құрылысшылары бағындырған белестер. Абыройлы жетістіктер, жеңістер мен жүзеге асырылған жоспарлар, жарқын болашақ – осының барлығы еліміздегі алып құрылысты салуға қатысқан метро құрылысшыларының зор еңбегі. Қазіргі заманғы қала құрылысында жер асты кеңістігін шаруашылық мақсаттарға тиімді пайдалану жайы маңызды мәнге ие болып отыр", - деп сөзін түйіндеді "Метрополитен" КМК күрделі құрылыс қызметінің бөлім басшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгінгі брифинг барысында "Алматыметроқұрылыс" АҚ өндірістік техникалық департаментінің директоры Жамиля Арисова Алматы метросының салынуына қаланың жоғары сейсмикалық қауіпті аймақта орналасуы қиындық туындататынын айтты. Оның мәліметінше, Алматы метросы Қазақстандағы тұңғыш, Орта Азиядағы екінші және ТМД-дағы он алтыншы метро.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: