Алты айдан соң Маңғыстау облысы толық цифрлық хабар таратуға көшеді – Абаев

16 сәуір, 2018, 15:33 2316 Астана
Алты айдан соң Маңғыстау облысы толық цифрлық хабар таратуға көшеді – Абаев

Екі жыл ішінде өзге аймақтар да цифрлық хабар таратумен қамтамасыз етіледі.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев еліміздегі эфирді цифрлық телерадио хабар таратуға ауыстыру жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын Фейсбуктегі парақшасындағы арнайы видео арқылы айтып берді, деп хабарлайды BNews.kz.

"Телерадио хабарларын тарату туралы" заңға сәйкес мемлекет жарты жыл көлемінде эфирлік цифрлық телерадио хабар таратуға ауысудың уақытын белгілеуі қажет. Өз парақшасындағы видеожолдауда министр эфирді цифрлық телерадио хабар таратуға ауыстыру жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты.

"Цифрлық телевидение деген не? Бұл видеобелгі мен дыбыс таратудың жоғары сапасы. Сондай-ақ, визуалды кедергілерді жойып, эфирдегі тұнық дыбысты қамтамасыз етеді. Осылайша, отандық телеарналарды ақысыз цифрлық сапада тамашалау мүмкіндігі туады. Астана мен Алматы қалаларында, облыс орталықтарында 30 арнаға дейін көруге болады. Кезінде еліміздің ең шалғай елді мекендері мен тұрғындары аз қоныстанған ауылдарда 2-3 арна ғана көруге мүмкіндік бар еді. Енді, 15 отандық телеарнаны жоғары сапада тамашалайтын болады", – деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі.

Дәурен Абаевтың айтуынша, цифрлық хабар таратуды енгізу қала мен ауыл арасындағы ақпараттық алшақтықты төмендетеді.

"Тура алты айдан соң Маңғыстау облысы толық цифрлық хабар таратуға көшеді. 2 жыл ішінде өзге аймақтар да цифрлық хабар таратумен қамтамасыз етіледі. Аналогтық хабар тарату кезең-кезеңімен тоқтатылады. Бұл – үлкен әрі зор еңбекті талап ететін жұмыс. Келісіп пішкен тон келте болмайды. Біріксек алынбайтын қамал жоқ", – деп түйді  сөзін Дәурен Абаев.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар