"Алтын сапа - 2018" байқауында үздік компаниялар қатары артады - Жаңалықтар | BNews

"Алтын сапа - 2018" байқауында үздік компаниялар қатары артады

27 ақпан, 18:19 912

Мемлекет отандық компаниялардың халықаралық сапа байқауына қатысуына демеу көрсетеді.

ҚР Президентінің "Алтын сапа" сыйлығын иеленуге арналған байқауға және "Қазақстан үздік тауары" республикалық көрме-байқауына өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды  BNews.kz Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл "Алтын сапа" байқауының ұйымдастырылуында бірқатар өзгеріс бар. Жеңімпаздарға алғаш рет 450 АЕК, яғни 1 млн 82 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталады. Кәсіпкерлер ұтып алған қаражатты қалауларына қарай халықаралық сапа байқауларының, оның ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының өндірушілері арасында өнім мен қызмет көрсету сапасының үздігі атану байқауына қатысу шығынын өтей алады.

"Алтын сапа" байқауында ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге арналған аталым мен "Үздік индустриялық жоба", "Үздік инновациялық жоба" арнайы сыйлықтары бекітілді. Осылайша, биыл отандық 14 компания "Алтын сапа" жеңімпаздары атана алады. Алматы қаласының өндірушілері әдетте "Алтын сапа" байқауында бірнеше жүлделі орынды иеленеді. Біздің қалада бизнес айтарлықтай дамыған, тиісінше отандық нарықта көшбасшы болып, тіпті үздік экспорттаушы атанған танымал компаниялар да көп", - деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Любовь Алексеева.

"Алтын сапа" байқауына заңды тұлғалар да, жеке кәсіпкерлер де қатыса алады. Байқау ұйымдастырушыларының кеңесінше, аталым мен санатты таңдауда шатаспау керек.

"Әр аталымда санат бойынша үш сыйлық бар: шағын, орта және ірі бизнес. "Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын" аталымында шағын бизнес субъектісі мүлдем жоқ. Орта мен шағын арасын таңдай отырып, өзіңді шағын бизнеске жатқызған жөн. Ал халыққа арналған тауарлар секторында шағын бизнес өкілдері өте көп. Мұнда сапа менеджментінің жүйесі болғанына аса мән беріледі", - деді "Атамекен" ҚР ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту департаменті директорының орынбасары Салтанат Әбдікәрімова.

Байқауда жеке патентті иелену, түрлі ноу-хау дайындау, халықаралық көрме мен байқауға қатысу әрі жеңімпаз атануға артықшылық беріледі. Құжат дайындағанда 38 парақтан аспау керек деген лимитті сақтап, өндірістік базаның суреттерін де қосу керек. Қазылар алқасы даму трендіне назар аударады. Комиссия девальвацияны да ескереді. Кейбір көрсеткіштердің төмендеуі шешімге әсер етпейді. Ең бастысы ағымдағы жылы салық қарызы болмау керек. Комиссия байқаудың әрбір қатысушысына өнім мен қызмет көрсету сапасын жақсартуға қатысты жекелеген ұсыным дайындайды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары