"АЛЖИР" тұтқындарына қатысты ондаған құнды құжат реставрацияланды - Жаңалықтар | BNews

"АЛЖИР" тұтқындарына қатысты ондаған құнды құжат реставрацияланды

12 ақпан, 11:43 2155 Астана

2017 жылы "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында астаналық музейлердің 44 жәдігері қайта қалпына келтірілді, деп хабарлайды BNews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Олардың отыздан астамы Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының АЛЖИР мемориалды-мұражай кешеніне тиесілі.

"АЛЖИР" тұтқындарының балаларына, балалардың аналарына жазған хаттары, тұтқын-әйелдердің 30-шы жылдардағы фотосуреттері, ақтау туралы анықтамалары, музыкалық аспап, саптыаяқ бар. Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының АЛЖИР мемориалды-мұражай кешеніндегі тарихи маңызы бар осындай жәдігерлердің 32 данасы "Рухани жаңғыру" бағдарламасының шеңберінде реставрациядан өтті. Олардың арасында "АЛЖИР" тұтқындары: Роза Цыпкинаның, Мария Минкинаның, Ғайнижамал Ғайсинаның, Гертруда Платайстың, Рахиль Туркинаның, Татьяна Шахованың, Ирина Шубриковалардың құжаттары мен жеке заттары бар. Мұражай кешенінің бас қор сақтаушысы Жанар Ергелдинаның айтуына қарағанда, құжаттардың басым бөлігі музейге 2015 жылы келіп түскен.

"2014 жылдан бастап біздің мұражайдың 100-ге жуық жәдігері қалпына келтірілді. "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында қалпына келтірілген құжаттар мен фотосуреттердің түпнұсқасы мұражайға 2015 жылы келіп түскен болатын. Материалдардың барлығы мұражайдың экспозицияларына қойылды. Мысалы, тұтқын – Роза Цыпкинаның жалғыз өзіне қатысты 10 құжат реставрациядан өткен. Олардың ішінде ол кісінің лагерьден өз баласы Бэнге жазған хаттары, фотосуреттері, балаларына қатысты анықтамалары бар. Бұл құнды қағаздар бізге 2015 жылы Роза Цыпкинаның Калифорнияда тұрған ұлы Бэннің өзі тапсырды", - деді Жанар Ергелдина.

Реставрациялық жұмыстарды "Интеграция систем" ЖШС жүргізді. Жәдігерлерді қалпына келтіру барысында консервация, шаңнан, кірден тазарту, түзеу, құжаттардың жыртылған бөліктерін қалпына келтіру, желімдеу сияқты жұмыстар жүргізілді.

"АЛЖИР" саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандары мұражай-мемориалдық кешені 2007 жылы Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей атсалысуымен ашылған болатын. Бүгінгі таңда музей қоры 15 мыңнан астам жәдігерден тұрады.

Экспозицияларды сейсенбі мен жексенбі күндерінің аралығында таңғы сағат 10:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін көруге болады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары