"Әміре" фильмі Голливуд кинофестивалінде Silver Screen Award жүлдесіне ие болды

22 қазан, 2018, 14:46 2020

Енді жүлде иегері атанған фильм 16 мемлекеттен қатысатын фильмдермен бірге фестивальдің басты жүлдесі үшін күреске түседі.

Лос-Анджелес қаласында қазанның 23-і мен 28-і аралығында өтетін халықаралық Hollywood Film Festival кинофестивалінің бірінші кезеңінде "Әміре" фильмі Silver Screen Award жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды BNews.kz Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақтың тенор дауысты біртуар әншіcі Әміре Қашаубаевтың ғұмырын баяндайтын фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ "Dar Play" компаниясымен бірлесе түсірген.

Айта кетсек, фестивальдің алғашқы кезеңінде Silver Screen Award жүлдесіне үміткерлер қатарына байқауға қатысатын әр елдің бірнеше фильмдері ұсынылған болатын. 

Бұл кезеңде Қазақстан атынан алты бірдей кинотуынды – үш толықметражды және үш қысқаметражды фильмдер қарастырылған. "Әміре" картинасымен қатар Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы жарыққа шығарған үш фильм бақ сынады, олар: толықметражды фильмдер байқауында Төлеген Байтөкеновтың "Саташ" фильмі және Елжас Рақымбековтың "Эль Фриман" картинасы, ал қысқаметражды фильмдер бөліміне Берік Жахановтың "Асан" фильмі қатысты.

Бірінші кезеңнің жеңімпазы, Silver Screen Award жүлдесінің иегері "Әміре" фильмі енді Франция, Германия, Чили, Жапония мен Швеция сынды басқа да 16 мемлекеттен қатысатын фильмдермен бірге фестивальдің басты жүлдесі үшін күреске түседі. Бұл фестивальде фильмді режиссер Джефф Веспа таныстыратын болады.  

Жаңа таланттарды ашатын және тәуелсіз киноны насихаттайтын Голливудтық кинофестиваль 1997 жылдан бастап өткізіліп келеді.

"Үлкен оқиғалар әлемді өзгертетінін және әлеміміз өзгерістерді күтетінін білеміз. Сонымен қатар, Голливуд – әлемдік мәдениетті жырлайтын тәуелсіз кино суреткерлер қатары жиналатын тиімді әрі беделді орта", - дейді Hollywood Film Festival кинофестивалінің ұйымдастырушылары.

Сондай-ақ, "Әміре" картинасы Нью-Йоркте қазанның 10 мен 14 аралығында өткен "Вудсток" халықаралық кинофестиваліне қатысты. Фильмді көрерменге басты рөлде ойнайтын актер Санжар Мәди ұсынды. Актердің айтуынша, "Әміре" фильміне америкалық көрермен тарапынан үлкен қызығушылық туындап, билеттер түгел алдын ала сатылып кеткен және зал көрерменге толы болған.

"Картинаны көрсеттік, халықаралық деңгейге шығардық. Ең бастысы фильм көрерменнің көңілінен шықты", - деді Вудстоктік кинофестиваль туралы Санжар Мәди.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар