Apple-дың негізін қалаушылардың бірі Назарбаевқа криптовалютаның артықшылығы туралы айтты

17 мамыр, 2018, 18:11 3292 Астана
Apple-дың негізін қалаушылардың бірі Назарбаевқа криптовалютаның артықшылығы туралы айтты

Қазақстан Президенті эмиссиялық орталықтар арқылы бақыланбайтын криптовалюталардың пайда болу себебі әлемде бір ғана валютаның үстемдік етуіне байланысты екенін атап өтті.

Астана экономикалық форумы аясында Қазақстан Президенті "Яндекс" компаниялар тобының жетекшісі Аркадий Воложбен, сондай-ақ Apple компаниясының негізін қалаушылардың бірі Стив Вознякпен кездесті, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономикалық форумына қатысуға келгені үшін Стив Вознякқа ризашылық білдіріп, оның пленарлық отырыста сөйлеген сөзінің мазмұнды әрі өзекті болғанын айтты.

Қазақстан Президенті эмиссиялық орталықтар арқылы бақыланбайтын криптовалюталардың пайда болу себебі әлемде бір ғана валютаның үстемдік етуіне байланысты екенін айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан есеп айырысу кезінде ұлттық валютамен қатар басқа да валюталарды пайдаланатынын атап өтті.

Стив Возняк осындай жоғары деңгейдегі іс-шараға қатысуға, жаһандық сын-тегеуріндерге қатысты өз ойын ортаға салуға мүмкіндік бергені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді.

"Валюталардың сымсыз байланыстан айырмашылығы, ешқашан универсалды болған емес. Дей тұрғанмен, криптовалюталардың үлкен артықшылығы олардың бақылауға алынбайтындығында, дамуының тежелмейтіндігінде және универсалды әрі жаһандық валютаға айналатындығында", – деді компания жетекшісі.

Кездесу барысында тараптар цифрландырудың жекелеген мәселелерін және криптовалюталарды дамыту перспективаларын талқылады.

Нұрсұлтан Назарбаев Аркадий Волождың Қазақстанның тумасы және оның ТМД-дағы цифрлық экономиканы алғаш қолға алғандардың бірі екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы цифрландыру саласында ресейлік компаниялармен бірлесе жұмыс жүргізудің маңыздылығына тоқталып, Алматыда тақырыптық форум өткенін айтты.

Аркадий Волож Ресейде де, Қазақстанда да жаһандық және жергілікті компаниялар бір нарықта ашық жұмыс жүргізу үшін қалыптасқан қолайлы жағдайды пайдалана білу керектігін атап өтті.  

Әңгімелесу барысында тараптар ІТ-хаб және "Астана" халықаралық қаржы орталығы аясындағы ынтымақтастық мәселелерін де талқылады.

Еске сала кетейік, бұған дейін биылғы АЭФ жаңа форматта өтіп жатыр. Форумға қатысу үшін әлемнің 24 елінен 500-ге жуық қонақ келгені хабарланған. Олардың арасында Францияның экс-президенті Франсуа Олланд, БҰҰ-ның бұрынғы бас директоры Пан Ги Мун, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия жөніндегі бас экономисі Ганс Тиммер, Аррle компаниясының негізін қалаушы Стив Возняк, америкалық беделді ғалым Митио Каку бар.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар