Әрбір қазақстандық туған елін қорғауға дайын болуы керек – Әбдіқалықова

17 шілде, 2018, 15:03 1946 Астана
Әрбір қазақстандық туған елін қорғауға дайын болуы керек – Әбдіқалықова

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова төртінші "Айбын" республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу рәсіміне қатысты.

Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған іс-шараға Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, Парламент депутаттары, Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлері, "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысы республикалық штабының мүшелері, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, әскери-патриоттық клубтардың, республикалық "Жас Ұлан" мектебінің және облыстардағы әскери мектеп-интернаттардың 600-ден астам тәрбиеленушісі қатысты, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Гүлшара Әбдіқалықова Нұрсұлтан Назарбаевтың: "Мемлекет әрдайым өз қауіпсіздігін және шекарасының беріктігін ойлауға тиіс" деген сөзіне назар аударды.

"Сондықтан, әрбір қазақстандық әрдайым жауапты әрі мәртебелі миссияға – туған елін, Қазақстанымызды қорғауға дайын болуы керек деп санаймын. Бұл – кез келген азаматтың қастерлі борышы ғана емес, ең алдымен, Отан қорғау жолында мәңгілік даңққа, халық сүйіспеншілігіне бөленген бабаларға, әкелеріміз бен аталарымызға деген тағзым мен құрметтің белгісі", – деді Мемлекеттік хатшы.

Ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бөлімшелері жас патриоттарға әскери өнердің қимыл-әрекеттерін көрсетті.

Қарулы Күштер құрамына кіретін әскер түрлері өкілдерінің жиынға қатысушылармен "Ұлы дала әскері – "Мәңгілік Ел" тірегі!" атты тақырыптағы интерактивті кездесуі, сонымен қатар, "Айбын дарыны" зияткерлік ойыны, робот техникасы бойынша "Менің роботым" конкурсы, алау түбінде "Айбын жалыны" атты қызықты кеш, спорттың әскери-қолданбалы түрлерінен және жауынгерлік дайындық пәндерінен көптеген сайыстар ұйымдастырылды.

Тәрбиеленушілер "Айбын" республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны аясында әскери дайындық мектебінен өтіп, әскери техниканың және Қазақстан әскеріндегі қару-жарақтың заманауи үлгілерімен танысты.

Соңында Мемлекеттік хатшы жиынға қатысушыларға сайыстардың жақсы өтуіне, әрдайым рух сергектігі мен ерік-жігерлерін көрсетуіне, ешқашан жеңістен үміт үзбей, Қазақстанның нағыз патриоттары болуына ниеттестігін білдіріп, толағай табыс тіледі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар