"Асан" фильмі Ташкенттен жүлдемен оралды

03 желтоқсан, 2018, 15:45 1717 Алматы

Байқауға 60 елден 280-нен астам өтінімдер келіп түскен.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген "Асан" фильмі Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында қарашаның 27-і мен 30-ы аралығында өткен 4-ші Халықаралық PROlogue кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды BNews.kz киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Фильмнің режиссері Берік Жаханов.

"Асан" фильмі фестивальдің қысқаметражды фильмдерге арналған конкурстық бағдарламасы шеңберінде көрсетілді. Кинотуынды әкесін ақтық сапарға шығарып салуға жолға шыққан бозбала туралы баяндайды.

"Мен өте қуаныштымын. Маған сеніп, қолдау білдіргендері үшін "Қазақфильм" киностудиясының басшылығына алғысымды айтамын. Бұл жүлде, мен үшін, үлкен мотивация", - деді марапаттау салтанатында жас режиссер Берік Жаханов.

Жалпы фестивальдің халықаралық байқауларына қатысуға 60 елден 280-нен астам өтінімдер келіп түскен екен. Нәтижесінде, конкурстық бағдарламаға 13 елден келген (АҚШ, Польша, Франция, Түркия, Қазақстан, Қырғызстан және т.б.) 31 кинотуынды іріктелініп алынды.  

Халықаралық қысқаметражды фильмдер конкурсының қазылар алқасын танымал өзбек режиссері Аюб Шахобиддинов басқарды. 

IV Халықаралық PROlogue кинофестивалі Өзбекстанның жастар одағы және "Өзбеккино" ұлттық агенттігі, Ташкент қаласы әкімдігі, Кинематорграфия даму орталығы, Өзбекстанның ұлттық кинокомиссиясының ұйымдастыруымен өтті.   

Үстіміздегі жылдың қараша айының басында "Асан" фильмі Бакуде өткен 9-шы Халықаралық Start film festival  кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесін иемденді. Сондай-ақ кинотуынды Қазақстан Республикасы кинематографистер одағы тарапынан үздік деп танылып, ұлттық "Құлагер" киножүлдесімен марапатталған болатын.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар