АШМ басшысы дәнді дақылдарды кептіру үшін қосымша дизель отыны көлемін бөлуді сұрады

18 қыркүйек, 2018, 15:13 1769 Астана
АШМ басшысы дәнді дақылдарды кептіру үшін қосымша дизель отыны көлемін бөлуді сұрады

Өмірзақ Шөкеев кептіруге қажетті көлем 85 мың тонна бойынша тиісті өтінімді министрлік ҚР Энергетика министрлігіне жібергенін айтты.

Бүгінгі Үкімет отырысында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев дәнді және майлы дақылдарды кептіру үшін облыстарға қосымша дизель отыны көлемін бөлу мәселесін қарастыруды сұрады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"14 қыркүйектегі жағдай бойынша егін орағын жүргізуге 268 мың тонна дизель жөнелтілді. Өңірлерде қыркүйек айында шаруаларға жеткізіп беру бағасын қоса алғанда, дизель отынының орташа бағасы литріне 165 теңгені құрайды. Бұл нарықтық бағадан 14% арзан. Жауын-шашынның мол түсуі салдарынан элеваторларға келіп жатқан астықтың ылғалдылығы жоғары, бұл дәнді және майлы дақылдарды қосымша кептіруді және тиісінше астық қабылдау кәсіпорындарының қосымша дизель отынын сатып алуын қажет етеді", - деді Өмірзақ Шөкеев.

Министрдің сөзінше, базистік ылғалдылық 13,5% болғанда, бастырылған астықтың 50%-дан астамының ылғалдылығы 20% жоғары болып отыр.

"Қазіргі таңда қазан-қараша айлары кезеңіне астықты кептіруге 6 облыстан 85 мың тонна қосымша дизель отыны көлемін бөлуге өтінімдер түсті. Энергетика министрлігінен егін орағы жұмыстарына қыркүйекте бекітілген баға деңгейінде, яғни тоннасына 181,0 мың теңге шекті бағамен мұнай өңдеу зауыттарынан дәнді және майлы дақылдарды кептіру үшін облыстарға қосымша дизель отыны көлемін бөлу мәселесін қарастыруды сұраймыз", - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол кептіруге қажетті көлем 85 мың тонна бойынша тиісті өтінімді министрлік 11 қыркүйекте ҚР Энергетика министрлігіне жібергенін айтты.

"Жалпы қолда бар ауыл шаруашылығы техникасының 96%-ы дайын және егін жинау жұмыстарына қатысуда. Астық қабылдау кәсіпорнының дайындығы бойынша қазіргі кезде республикада жалпы сыйымдылығы 13,6 млн тоннаны құрайтын 196 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорыны жұмыс істейді. Астық қабылдау кәсіпорнының материалдық техникалық базаларын жаңа өнім астығын қабылдауға дайындау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде", - деп баяндады министр.

Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрі егін жинаудағы кедергілерді атап берді. Оның сөзінше, ауа райының қолайсыздығы, түскен ылғалдың арамшөптердің көбеюіне әкелуі егін жинау жұмыстары кезінде қиындықтар тудыратын болады. 

"Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының алдын ала деректері бойынша ағымдағы жылы дәнді дақылдар 15,0 млн гектар алқаптан жиналатын болады, оның ішінде бидай 11,1 млн гектарды құрап отыр. Бұл 2017 жылғы деңгейден тиісінше 0,3 млн гектарға және сәйкесінше 0,8 млн гектарға аз. Майлы дақылдардың жиналатын алқабы 2,8 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 0,4 млн гектарға көп. Жалпы республика бойынша 20,0 млн тонна дәнді дақыл жиналады деп болжануда. Майлы тұқымдар өндіру көлемі 2,3 млн тонна деңгейінде күтілуде", - деді ведомство басшысы.

Оның мәліметінше, көрсетілген көлемдер астықтың экспорттық әлеуетін 9,0 млн тоннаға дейін, майлы тұқымдардың экспортын – 1,0 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

"Ағымдағы жылғы 18 қыркүйекке дәнді дақылдар 8,9 млн гектардан астам алқаптан жиналды немесе жиналуға жататын алқаптың 59% жиналды, 11,2 млн тонна астық бастырылды, түсімділік гектарына 12,5 центнер болды. Оңтүстік облыстарда дәнді дақылдардың 86%, батыс облыстарда – 89%, солтүстік, орталық және шығыс облыстарда – 56% жиналды. Ауа райы жағдайына байланысты егін жинау қарқыны былтырғыдан төмен", - деді Өмірзақ Шөкеев.

Министр атап өткендей, айлық жауын-шашын көлемі БҚО-да нормадан жоғары, Ақтөбе, Қостанай, Маңғыстау және Атырау облыстарында, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының солтүстік-батыс бөлігінде, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының солтүстік бөлігінде норма шамасында және қалған аумақта нормадан төмен күтілуде.

"Әлі 6,1 млн гектар алқаптан дәнді дақыл жиналуы керек. Қолда бар егін жинайтын комбайндардың күндік өнімділігі 800,0 мың гектарға жуық болғанда және ауа райы қолайлы болған жағдайда егін жинауды қазан айының бірінші онкүндігінде аяқтауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар түскен ылғал өскіндердің пайда болуына, арамшөптердің көбеюіне әкеледі, бұл да егін жинау жұмыстары кезінде қиындықтар тудыратын болады. Осыған байланысты облыс әкімдіктері өнімділігі жоғары егін жинау техникаларын пайдалану, егін жинауға кедергі жасайтын проблемалық мәселелерді шешу арқылы егін жинау қарқынын арттыру шараларын қабылдаулары қажет", - деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы.

Егін егетін негізі облыстардағы жағдайлар туралы Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов баяндады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: