Астана әкімі өрт кезінде бес баласынан айырылған отбасына көмектесуді тапсырды

04 ақпан, 2019, 16:58 1902
Астана әкімі өрт кезінде бес баласынан айырылған отбасына көмектесуді тапсырды

4 ақпанда түнде "Сарыарқа" ауданындағы "Көктал-1" тұрғын үй алабында өрт шығып, онда жеке үйдің аумағындағы шағын үй өртенген.

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов өрттің кесірінен бес баласын жоғалтқан отбасының үйіне барды және оларға көмек беруді тапсырды, деп хабарлайды BNews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

4 ақпанда түнде "Сарыарқа" ауданындағы "Көктал-1" тұрғын үй алабында өрт шығып, онда жеке үйдің аумағындағы шағын үй өртенген. Өрт салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылы туған бес бала қайтыс болды. Ең кішісі небәрі үш айда болған.

Аталған қайғылы оқиғаға қатысты Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева брифинг барысында елорда әкімінің қайтыс болған балалардың ата-анасына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтып, қолынан келген көмектің бәрін жасауға дайын екендігін жеткізді.

"Қайғылы жағдайға байланысты қала әкімі Бақыт Сұлтанов шұғыл жиын өткізіп, құзыретті органдарға болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауды тапсырды. Жиыннан соң Бақыт Сұлтанов "Сарыарқа" ауданының әкімі Арман Тұрлыбекпен бірге оқиға орнына барып, отбасына көңіл айтты. Бақыт Сұлтанов аудан әкіміне қажетті барлық материалдық, медициналық көмек көрсетуді және жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмектесуді тапсырды. Қазір қаза тапқан балалардың ата-анасымен психологтар, әлеуметтік қызмет мамандары жұмыс істеуде", – деп мәлімдеді Эльвира Жүргенбаева.

ТЖД бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаевтың айтуынша, осыған дейін "Көктал-1" тұрғын алабында өрт және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізілген. Аталмыш жұмыстардың барысында ТЖД-ның қызметкерлері бұл үйге барып, отбасы мүшелеріне олқылықтарды жоюға қатысты ескерту жасаған болатын.

"Бақыт Сұлтанов аудан әкімдері мен төтенше жағдайлар департаменті және полиция бірлесіп, жеке сектордағы әр үйге барып өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау тұрғысында қайтадан тексеріс, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етті. Астана әкімдігі Кемеровтағы оқиғадан соң, өрт қауіпсіздігі туралы мәселені бірнеше рет көтеріп, ТЖД өзге де ведомстволармен бірлесіп бірқатар рейд жүргізді", – деді Э. Жүргенбаева.

Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының ақпаратынша, балалардың анасы пластикалық карта шығаратын зауытта, ал әкесі ТҚКС-да монтаждаушы болып жұмыс істейді.

Әкімнің баспасөз хатшысының айтуынша, отбасы жергілікті атқарушы органдардан көмек сұрамаған, жеке тұрғын үй кезегінде тұрмаған, көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақы алып тұрған. Қаза тапқан бес баланың екеуі мектепте оқыған болса, 2014 жылы туған бала мемлекеттік балабақшаға барған, ал қалған екеуі кезекте тұрған. 

"Мектеп тарапынан отбасыға мемлекеттік және демеушілік қолдау көрсетілді. Мұғалімдердің айтуынша, балалар сабақтан қалмаған, қатарластарымен жақсы араласқан. Астана әкімі қайтыс болған балалардың ата-анасына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтып, қолынан келген көмектің бәрін жасауға дайын", – деді Эльвира Жүргенбаева.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана #өрт #қайғылы оқиға #қайтыс болды #көмек көрсету

Читайте также

Похожие новости