Астана әуежайында капсулды қонақ үй ашылды - Жаңалықтар | BNews

Астана әуежайында капсулды қонақ үй ашылды

Написать нам
19 қазан, 2018, 16:14 3055 Астана
Астана әуежайында капсулды қонақ үй ашылды

Қонақ үй 10 адамға арналған. Оның пайдалану құнының бірінші сағаты - 1500 теңге.

Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының Т1 терминалында "Caps Lock" футуристік стильдегі капсулды қонақ үй ашылды, деп хабарлайды BNews.kz әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жапон технологиясы бойынша әзірленген соңғы үлгідегі капсулды қонақ үйде жуынып, шайынып, ұйықтап тынығу үшін барлық жағдай жасалған.

Ең алғаш рет Жапонияда пайда болған капсулды қонақ үй кейіннен туристер арасында кеңінен танымал болды. Бүгінде осындай демалыс орындары әлемнің көптеген әуежайларында: Дубай, Атланта (АҚШ), Филадельфия (АҚШ), Мюнхен (Германия), Лондон (Ұлыбритания), Амстердам (Нидерланды), Токио (Жапония), Мехико (Мексика) қалаларында бар. 

"Қазақстандағы әуежайлардың ішінде капсулды қонақүй тек алғаш рет Астана әуежайында іске қосылды. Қонақтардың осы жерде еркін демалуы үшін smart-TV, жеке сейф, түрлі түсті LED жарықтары, розеткалар, USB жүйесі, оқуға арналған үстел, желдеткіш, ауа баптағыш, өртке қарсы жүйе, оятқыш және ең бастысы таза төсеніштері мен жеке гигиеналық құралдары бар жанға жайлы ортопедиялық төсек қойылған", - деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.

Қонақ үйде барлығы келушілерге берілетін магниттік SMART карта арқылы басқарылады. Оnline режимінде қонақтар өздеріне қажет рейстерді қолдарына берілетін планшет арқылы біліп отырады. Шағын қонақ үйде жуынатын бөлмелер мен әжетхана бар. Оянғаннан кейін қонақтар кофе немесе шай ішіп, шағын бардың көмегіне жүгіне алады.

"Қонақ үй 10 адамға арналған. Оның пайдалану құны қолжетімді. Бірінші сағаты 1500 теңге, қалған сағаттары 1000 теңгеден. 7 жасқа дейінгі балалар ата-аналарымен қонақ үй қызметін тегін пайдаланады. Енді Астанадан ұшатын жолаушылар әуежайда жайлылықпен демалуға мүмкіндік алды", - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында.      

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар