Астана банкі бойынша өтініш қабылдап, өтемақы төлеу 26 қаңтардан басталады

10 Января, 2019, 16:34 705
Астана банкі бойынша өтініш қабылдап, өтемақы төлеу 26 қаңтардан басталады |  | BNews.kz

Банктің барлығы 275 мың салымшысы өтемақы алады.

2019 жылғы 9 қаңтарда Алматы қалалық соты Алматы қаласы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2018 жылғы 26 қарашадағы "Астана Банкі" АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы шешіміне алты заңды тұлғаның және үш жеке тұлғаның 13 – 16 желтоқсан аралығында берген шағымдарын қанағаттандырусыз қалдырды. Осылайша,  МАЭС-тың 2018 жылғы 26 қарашадағы "Астана Банкі" АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енді, деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің "Астана Банкі" АҚ-тағы салымдарда, ағымдағы шоттарда және төлем карточкаларында орналастырылған ақшасының өтелуіне құқығы бар. Өтемақы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) ақшалай қаражатынан жинақталған сыйақыны есептегенде банктік шоттағы немесе төлем карточкасындағы салым, ақша қалдығының сомасы шегінде, бірақ мынадай депозиттер бойынша кепілдіктің ең жоғары сомасынан аспайтын мөлшерде төленеді:

  • 10 миллион теңге – ұлттық валютадағы депозиттер бойынша,
  • 5 миллион теңге – шетел валютасындағы депозиттер бойынша,
  • 15 миллион теңге – бір салымшының "Астана Банкі" АҚ-та бірмезгілде теңгемен және шетел валютасында орналастырылған депозиттері бойынша (бірақ шетел валютасындағы депозит бойынша баламасы 5 миллион теңгеден аспайды).

Сыйақы 2019 жылғы 9 қаңтардағы жағдай бойынша капиталдандырылған сыйақы (салымдарды, банктік шоттарды немесе төлем карточкаларын қоса алғанда, депозиттік шоттарға төленген) сомасының шегінде өтеледі. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша өтемақы теңгемен төленеді: өтемақының сомасын есептеу үшін 2019 жылғы 9 қаңтардағы нарықтық айырбастау бағамы қолданылады.

Агент банк – "Еуразиялық банк" АҚ пруденциялық нормативтерді бұзбаған, қаржылық жағдайы тұрақты және орнықты, Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде салымшыларға қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін кең тараған филиалдық желісі мен инфрақұрылымы бар банктердің ішінен таңдалды. ҚДКҚ арнайы резервтің қаражаты есебінен агент банк "Еуразиялық банк" АҚ-ты "Астана Банкі" АҚ-тың салымшыларына өтемақыны төлеу үшін банктің барлық 275 мың салымшысына төлем жасауға 37,5 миллиард теңге мөлшерінде ақшалай қаражатпен қамтамасыз етеді.

"Астана Банкі" АҚ салымшыларының өтініштерін қабылдау және өтемақы төлеу "Еуразиялық банк" АҚ-тың Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде орналасқан барлық 17 филиалы мен 126 бөлімшесінде 2019 жылғы 26 қаңтардан бастап 26 шілдеге дейінгі алты ай ішінде жүргізілетін болады.

"Астана Банкі" АҚ салымшыларының өтініштерін қабылдауды және өтемақы төлеуді агент банк "Еуразиялық банк" АҚ-тың Қазақстан Республикасындағы барлық филиалдары мен бөлімшелерінде сенбі күні, 2019 жылғы 26 қаңтарда бастайды, 27 қаңтарда жалғастырады. Дүйсенбі, 28 қаңтардан бастап 26 шілде аралығындағы кезеңде агент банк "Астана Банкі" АҚ салымшыларына төлемді агент банк ретінде бөлімшелері мен филиалдарының әдеттегі жұмыс режимінде жүргізетін болады.  

26–27 қаңтарда "Еуразиялық банк" АҚ-тың филиалдары мен бөлімшелерінде "Астана Банкі" АҚ салымшыларына ғана қызмет көрсетілетін болады.

26 қаңтарға дейін агент банк филиалдары мен бөлімшелерінің таратылатын "Астана Банкі" АҚ салымшыларының өтініштерін қабылдауға, оларды қарауға немесе өтемақы төлеуге құқығы жоқ. 

"Астана Банкі" АҚ салымшылары өтемақы алу үшін агент банктің кез келген бөлімшесіне немесе филиалына жеке басын куәландыратын құжатпен өтініш жасауы қажет. Салымшыларды сәйкестендіру жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) бойынша жүзеге асырылады, сондықтан "Астана Банкі" АҚ салымшыларының құқықтарын растау үшін банктік салым шарты немесе кіріс касса ордерлері талап етілмейді. "Астана Банкі" АҚ салымшысы өкілінің нотариатта куәландырылған сенімхат бойынша өтініш беруіне және оған өтемақы төлеуге рұқсат етіледі. 

2019 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі "Астана Банкі" АҚ тарату комиссиясын тағайындады. ҚДКҚ және "Астана Банкі" АҚ тарату комиссиясы "Астана Банкі" АҚ салымшыларына өтемақы төлеуді қамтамасыз етуге арналған мынадай іс-шараларды белгіленген мерзімде орындауға кірісті. 

Барлық іс-шаралар 2019 жылғы 26 қаңтарға дейін аяқталатын болады.

"Астана банкі" АҚ-тың салымшылары ақшаны агент банктің кассасынан қолма-қол немесе қолданыстағы банктік шотқа қолма-қол ақшасыз аудару арқылы ала алады. "Астана Банкі" АҚ-тың салымшылары агент банктің қолданыстағы депозиттік бағдарламалары бойынша өтемақы сомасына агент банкте депозит немесе шот аша алады. Агент банк салымшылар үшін басымдық белгілеуге немесе өтемақы алу тәсілін еркін таңдауға кедергі келтіруге құқылы емес.

Агент банкке  2019 жылғы 26 қаңтарға дейін өтініш бермеген салымшылар агенттік келісімнің қолданылуы аяқталғаннан кейін тиісті өтінішті тікелей ҚДКҚ-ға бере отырып, өтемақы алуға құқылы.

Агент банкте өтемақы алумен қатар, депозит сомасы кепілдік сомасынан артық немесе есептелген (капиталдандырылмаған) сыйақы бойынша талаптары бар салымшылар "Астана Банкі" АҚ-тың тарату комиссиясына кепілдікпен өтелмейтін сомада өзінің талабын қоюға құқылы.

Өтемақы алу тәртібі, құжаттардың тізбесі, депозиттер бойынша кепілдіктің ең жоғары сомасы туралы, сондай-ақ агент банктің барлық қалалардағы филиалдары мен бөлімшелерінің мекенжайлары, өтініштерді қарау мерзімдері мен тәртібі туралы жалпы ақпаратты "Еуразиялық банк" АҚ-тың  ресми веб-сайтынан қарауға болады.

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13922

Похожие новости