"Astana Dausy-2018" фестиваліне Лепс, Киркоров және Ninety One қатысады - Жаңалықтар | BNews

"Astana Dausy-2018" фестиваліне Лепс, Киркоров және Ninety One қатысады

16 тамыз, 2018, 17:12 3201 Астана

Фестиваль 29 тамыз күні Астанада өтеді.

29 тамызда елордада екінші "Astana Dausy-2018" халықаралық музыка фестивалі өтеді. Барша әлем бойынша хиттері музыкалық чарттарда көш бастаған Еуропа, Азия және Американың 12 мемлекетінің үздік артистері "Барыс Арена" мұзайдын сарайында қазақстандықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды, деп хабарлайды BNews.kz Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Ауқымды шараны былтырғыдай Астана қаласы әкімдігінің мәдениет және спорт басқармасы ұйымдастырады. Көрермендер өздерінің сүйікті артистерінің өнерін тамашалайды, шара қыркүйек айында 7 арнаның эфирінде көрсетіледі.

Фестиваль "Голос Астаны – без границ!" ("Астана дауысы – шексіз!") ұранымен өтеді. Шынымен де музыка табынушылардың сүйіспеншілігі секілді шексіз.

Еске салайық, фестиваль аясында танымал спортшылар, мәдениет қайраткерлері және билік өкілдері сахнаға шыққан әрбір артистке естелік ретінде ұлттық киім киіп, қолына күннің көзін ұстаған қыз түріндегі мүсіншелер табыстайды. Мысалы, өткен жылы Светлана Лобода естелік награданы Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбековтың, ал Қайрат Нұртас – елорда әкімі Әсет Исекешевтің қолынан қабыл алған болатын.

Биыл Astana Dausy фестиваліне Қазақстанның атынан еліміздегі танымал ерлер тобы Ninety One және қазақстандықтардың сүйікті әншісі Ерке Есмахан қатысады. Атап айтқанда, Грузиядан Сосо Павлиашвили, Швециядан – "Евровидение-2012" ән байқауының жеңімпазы Loreen бағын сынайды. Латвиядан Интарс Бусулис, Молдовадан – DoReDos, Армениядан – СЕВАК қазақстандықтарға жалынды сәлемдерін жолдайды. Сонымен қатар, өзбекстандық Согдиана, украиндық ALEKSEEV те белгілі әндерін орындайды.

Ресейдің атынан тағы да теңдессіз Григорий Лепс қатысады. Айта кетейік, былтыр Бейбітшілік және келісім сарайында "Astana Dausy-2017" фестивалінің жабылу салтанатында ол өзінің энергетикасымен көрермендерді тәнті етіп, ыстық ықыласына бөлеген еді.

Ұйымдастырушылар шараға келушілер үшін дайындаған тағы да бір сыйлық – фестивальде арнайы қонақ ретінде Ани Лорак пен Филипп Киркоров қатысады. Олардың әрбір әні хитке айналады деуге болады.

"Astana Dausy-2018" музыка әлеміндегі елордадағы жарқын оқиғаға айналмақ. Көрермендер лазерлік шоу, ұлттық нақыштағы ерекше инсталляциялар және көптеген тосын сыйлар тамашалайды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар