"Астана Опера" театры еуропалық көрерменге 17 спектакль ұсынды

14 қаңтар, 2019, 10:24 1547

Гастроль "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.

"Астана Опера" театрының еуропалық турнесі үлкен табыспен Италияда өз мәресіне жетті, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі. Әртістер бір ай бойы хореографиялық өнердің жауһар туындылары - Чайковскийдің "Щелкунчик" және "Аққу көлі" балеттерімен өнер көрсетті. Осынау айтулы мәдени оқиға Испания мен Италияның жетекші БАҚ құралдарында кеңінен таратылды. Спектакльдерді тамсана тамашалаған көрермен қауым әлеуметтік желілерде 500-ден астам пікір қалдырған.

"Генуяда "Астана Опера" балет әртістері классикалық өнерді бағалаушылардың сенімін толығымен ақтап шықты. Карло Феличе театрында "Щелкунчик" балеті үздік деңгейде ұсынылған болатын, бұл  труппаның нағыз жетістігі болды. Көрерменге нағыз сиқырға толы ғажайып кеш сыйға тартылды. Көпшілік қауым әйгілі өнер майталманы Юрий Григоровичтің тамаша қойылымын, керемет хореографиясының тартымды қиялын бар ынтасымен тамашалады. Ең жоғарғы  деңгейде 36 балет шеберлерінен тұратын  басты партия орындаушылары мен кордебалет әртістеріне  және балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға жалынды қошеметімізді білдіреміз. "Астана Опера" театры тек 2013 жылы ғана құрылғанына қарамастан, аз уақыт ішінде халықаралық деңгейде көпшілікке белгілі әрі танымал театрлардың біріне айналды", - деп жазған L’Eco және Liguria Notizie газетінің белгілі журналисі Клаудио Альманци.

"Аққу көлі" спектаклінің соңғы бес қойылымын қазақстандық әртістер Италияда көрсетті. Әртістер Қазақстанға 14 қаңтарда қайтып оралады.

Еске салар болсақ, еуропалық гастроль 2018 жылдың қараша айында Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің ұлттық жауһары – "Абай" операсын орындаумен басталып, Италия мен Испаниядағы балет спектакльдерімен жалғасын тапқан еді.

Гастроль "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

#театр #Рухани жаңғыру

Читайте также

Похожие новости