"Астана Операның" солисі Бақтияр Адамжан итальялық көрермендерді өнерімен тәнті етті - Жаңалықтар | BNews

"Астана Операның" солисі Бақтияр Адамжан итальялық көрермендерді өнерімен тәнті етті

07 тамыз, 16:17 1555

Ол алғаш рет ХХ ғасырдағы көрнекті хореограф Ролан Петидің қойылымындағы "Бозбала мен ажал" балетіндегі Бозбала басты рөлін сомдады.

Көптеген беделді халықаралық байқаулардың гран-при иегері, "Астана Опера" театрының жетекші солисі Бақтияр Адамжан итальялық өнер сүйер қауымның көңілін баурап алды. Ол алғаш рет ХХ ғасырдағы көрнекті хореограф Ролан Петидің қойылымындағы "Бозбала мен ажал" балетіндегі Бозбала басты рөлін сомдады, деп хабарлайды BNews.kz "Астана Опера" театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қойылым аты аңызға айналған биші әрі хореограф Рудольф Нуреевке арналған Tributo a Rudolf Nureyev халықаралық гала-балеті аясында 28 шілде күні біздің дәуірімізге дейінгі І ғасырдан бері сақталып келе жатқан көне римдік амфитеатр, Сполето (Италия) Рим театрының ашық сахнасында өткен болатын. Әлемдік балет жұлдыздарының орындауында көрермендерге Рудольф Нуреевтің репертуарынан нөмірлер ұсынылды.

"Ролан Петидің "Бозбала мен ажал" бір бөлімді атақты балеті 1946 жылы Иоганн Себастьян Бахтың Пассакалья музыкасына қойылды, оған арқау болған Жан Коктоның өлеңмен жазылған либреттосы. Гала-балетке арнап қойылымды жүзеге асырған Ролан Петидің ассистенті – балетмейстер Луиджи Бонино, ол өзі де бір кездері Бозбаланың партиясын орындаған болатын. Бақтияр Адамжанның сахнадағы серігі болған әйгілі миландық Ла Скала театрының прима-балеринасы Николетта Манни", - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, Бақтияр Адамжан осы кеште Венгрия мемлекеттік операсының  примасы Татьяна Мельникпен Л. Минкустың "Дон Кихот" балетінен Па-де-дені орындады. Итальяндық көрермен қауым Бақтияр Адамжанның әрбір сахнаға көтерілуін толассыз қошеметпен қарсы алып, қазақстандық балет жұлдызын зор сүйінішпен қабылдады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары