"Астана Опера" Тұңғыш Президент күнін мерекелік үлкен концертпен атап өтпек

01 желтоқсан, 2018, 10:56 2602 Астана

2 желтоқсан күні театрдың Камералық залында "Ел тірегі – Елбасы!" салтанатты концерті өтеді.

"Астана Опера" – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күні мерекесін атап өтпек. 2 желтоқсан күні театрдың Камералық залында "Ел тірегі – Елбасы!" салтанатты концерті ұсынылады, деп хабарлайды BNews.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мерекелік кешке "Астана Опера" солистері мен шақырылған вокалистер, соның ішінде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, халықаралық байқаулардың лауреаттары Татьяна Вицинская, Мейір Байнеш, Малика Мнизини, Елена Ганжа, Назым Сағынтай, Рамзат Балакишиев, Мағжан Аманжолов, Батыржан Смақов, Аяулым Молдағайымова және тағы басқа өнерпаздар бар.

Сондай-ақ, Камералық зал сахнасында "Dolce" скрипкашылар ансамблі, Курванжан Ахатов (виолончель), Самғар Толқыханұлы (баян) сынды аспапшы музыканттар өнер көрсетеді. Фортепиано партиясында – халықаралық байқаулардың лауреаты Раушан Бескемпірова өнер көрсетеді.

"Қазақстанда Тұңғыш Президент күні кеңінен аталып өтіледі. 1 желтоқсанда елімізде салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылады. Осындай тамаша мерекенің мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аса зор еңбегін атап өту. "Астана Опера" театрының опера солистері мен оркестр әртістері тыңдармандарға қызықты концерттік бағдарлама ұсынады. Көпшіліктің сүйікті халық әндері, романстар, қазақстандық авторлардың әндері, өткен жылдардың танымал композициялары, сондай-ақ кинофильмдерден музыкалар шырқалады", – деп атап өтті опера труппасының солисі Бибігүл Жанұзақ.

Мерекелік кеш 2 желтоқсан күні сағат 17:00-де басталады.

Еске салар болсақ, Тұңғыш Президент күні мерекесі елімізде 2012 жылдан бастап аталып өтуде.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар