Астана тұрғындары Денис Тенмен қоштасты  

21 шілде, 2018, 12:01 2663 Астана
Астана тұрғындары Денис Тенмен қоштасты  

Чемпионмен қоштасып, гүл шоқтарын қоюға келген астаналықтар таңнан бері мұз сарайына ағылуда.

Бүгін елордадағы "Барыс Арена" мұз сарайында Денис Тенді еске алуға арналған азаматтық жаназа өтіп жатыр, деп хабарлады Baq.kz.

Чемпионмен қоштасып, гүл шоқтарын қоюға келген астаналықтар таңнан бері мұз сарайына ағылуда. Азаматтық жаназаға мемлекеттік органдардың басшылары және басқа да өкілдерімен қатар, спортшылар, Денистің дос-таныстары келді. Сонымен қатар, қазақстандық спортшылар Данияр Елеусінов, Екатерина, Айдова, Денис Кузин де болды.

"Денис Тенді жеке танитынмын. Біз көп кездесіп, әңгімелесетінбіз. Ол өмірді сүйетін жылы жүзді жігіт еді. Ешқашан оның мұңайғанын немесе көңіл-күйі болмағанын көрген емеспін. Суыт хабарды естігенде, алғашқыда сенбедім. Ешкім де сенбеді деп ойлаймын. Өкінішке қарай, бұл ащы шындық екен. Біз өте дарынды спортшыны, керемет адамды жоғалттық. Ел үшін бұл орны толмас қайғы. Денистің ата-анасы мен туыстарына көңіл айтамын", - деді қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов журналистерге берген сұхбатында.

Қаралы жиынға Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының елшісі Ким Дэ Сик және Қазақстандағы Жапонияның елшісі Итиро Кавабата да қатысты. Дипломаттар қазақстандық спортшының дарындылығын атап өтіп, бұл қаза елді есеңгірететін жағдай екенін айтты.

Сонымен қатар, азаматтық жаназа барысында сөз сөйлеген ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстанның мақтанышынан айырылып қалуымыз бәрімізге сабақ екенін атап өтті.

"Бұл күні лайықты сөз табудың өзі қиын. Алайда, біз ең алдымен Денистің ата-анасы мен туыстарына көңіл айтуымыз керек. Қазақстанның өз мақтанышынан айырылуы үлкен қасірет. Бұл біздің барлығымызға сабақ болуы керек. Ауыр, қайғылы сабақ және біз мұндай қателікті ешқашан қайталамау керекпіз. Қош бол, Денис! Кешір бізді", - деді министр.

Айта кету керек, Денис Тенді еске алуға арналған азаматтық жаназа еліміздің барлық өңірлерінде өтті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар