Астана тұрғындары коммуналдық қызметтерге көмек көрсетуде

26 қараша, 2018, 11:05 1645 Астана
Астана тұрғындары коммуналдық қызметтерге көмек көрсетуде

Өткен тәулікте Астанада толассыз қар жауып, дауылды ескерту жарияланды.

Қала тұрғындары қолдарына күрек алып, коммуналдық қызметтерге аулаларды қардан тазартуға көмектесуге шықты, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Өткен тәулікте Астанада толассыз қар жауып, дауылды ескерту жарияланды. Осыған байланысты қаладағы тасжолдар да жабылған болатын. Бүгін таңертең  қала тұрғындары коммуналдық қызметтердің келуін күтпей, тұрғын үйлерінің ауласын қардан тазартуға шықты. Сарыарқа ауданының аумағындағы Абай даңғылы, 1 мекен-жайы бойынша орналасқан үйдің тұрғындары күндіз ауласындағы қарды күреп, жаяу жүргіншілер өтпелдері мен балаларға арналған алаңдарды мұздан тазартты.

"Мен бұл үйде 2011 жылдан бастап тұрамын. Өзіміз тұрып жатқан үйдің ауласындағы жағдайға бей-жай қарай алмаймын. Мұнда біздің балаларымыз өсіп келеді ғой. Кеше күні бойы қар жауды. Жолдарда коммуналдық қызметтер белсенді жұмыс істеуде. Алайда жауған қар мөлшерінің көп болғаны сонша, коммуналдық қызметтер барлық аумақтарды тазартуға үлгермей жатыр. Кеше көршілерімізбен таңертең барлығымыз бір адамдай ауланы тазартуға шығамыз деп ұйғардық. Аудан әкімдігіне шағым түсірмей, керісінше оған көмек көрсеткен жөн емес пе?!", - дейді үйдің тұрғыны Марат Салиев.

Айта кетейік, синоптиктер мұндай тұрақсыз ауа райының алдағы күндері де сақталатынын ескертеді. 26-27 қарашада елордада көшпелі бұлт шығып, кей кезде қар жауады, бұрқасын жүріп, көктайғақ болады деп күтілуде. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 9-14, кей кезде 15-20 м/с жетеді. Ауа температурасы түнде және күндіз -8...-10 градусты құрайды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар