Астанада Әбіш Кекілбаев атындағы оқу залы ашылды

07 желтоқсан, 2018, 11:03 3146 Астана
Астанада Әбіш Кекілбаев атындағы оқу залы ашылды

Сондай-ақ, жазушы тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды.

Халық жазушысының 80 жылдығының құрметіне елордада бірқатар шара өтті, деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты. Жазушы тұрған Қонаев көшесі, 11 мекен-жайындағы үйдің қасбетіне  мемориалдық тақта орнатылды.

"Әбекеңнің дүниеден озғанынан біраз уақыт өткенмен, бұған көну мүмкін емес. Оның келбеті біздің көз алдымыздан кетпейді. Бұл мемориалдық тақта халыққа Әбекеңнің артында мол мұрасының қалғандығын жеткізу үшін орнатылып отыр. Оның туындыларын болашақ ұрпақтар оқитын болады", - деді жазушы Төлен Әбдік.

Шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, Әбіш Кекілбаевтың жары Клара Жұмабаева, жазушының туған-туысқандары мен Кекілбаевтер әулиетінің дос-жарандары қатысты.   Ал Ұлттық академиялық кітапханада Әбіш Кекілбаев атындағы оқу залы ашылды. Мұнда қонақтардың назарына жазушының кітаптары ұсынылды.

"Біз Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы барлық азаматтар үшін қолжетімді болғанын қалаймыз. Мұнда ол қолданған кітаптар жиналған. Өскелең ұрпақтың өкілдері менің атам жазған кітаптарды оқи отырып, оның сезімдерін түсінеді деп ойлаймын", - деді Әбіш Кекілбаевтың немересі Абыл Кекілбаев.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар