Астанада алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетушілер санын арттыру жоспарлануда

18 Января, 2019, 11:57 2708
Астанада алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетушілер санын арттыру жоспарлануда |  | BNews.kz

Осы бағытта алға қойған міндеттердің бірі – емдеу мекемелеріндегі медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғындарға уақытылы сапалы медициналық қызмет көрсету.

Астанада алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетушілер санын арттыру жоспарланып отыр. Осы бағытта алға қойған міндеттердің бірі – емдеу мекемелеріндегі медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғындарға уақытылы сапалы медициналық қызмет көрсету. Бұл әсіресе, қызмет бабы немесе оқу, тағы басқа түрлі себептермен Қазақстанның көптеген аймақтарынан келушілері көп Астана қаласы үшін маңызды, деп хабарлады "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.

Мәселен, 2018 жылдың соңғы айларындағы көрсеткішті алып қарасақ, емханалардағы жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесі өте көп, 1 учаскеге 2000-нан астам адам тіркелген. Осы және өзге де мәселелерді реттеу мақсатында 2019 жылы елордада алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында қосымша учаскелер ашу, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қосымша орталықтар құру жоспарлануда. Сәйкесінше, учаскелік дәрігерлер мен педиатрлар, мамандар бекітілген кестеге сай науқастарды бақылау бағдарламалары мен біліктіліктерін жетілдіреді.

"Бұл шаралар жоспары ҚР Президентінің 2018 жылғы 12 қазандағы №772 Жарлығымен бекітілген, Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы жалпыұлттық жоспарының 42-тармағына сәйкес шығарылған ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтің "Өңірлер бөлінісінде алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыру бойынша шаралар кешенін іске асыру" туралы 2018 жылғы 14 желтоқсандағы №716 бұйрығы негізінде бекітіледі. Астана қаласында 2019 жылдың соңына дейін алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 68 қосымша учаске ашу және 11 қосымша орталық құру жоспарлануда", - дейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Сондай-ақ, оның айтуынша, соның нәтижесінде 1 жалпы практика дәрігеріне тіркелген тұрғындар саны 1700 шамасында болады. Ал дәрігерлер яғни дәрігер жүктемесі азайып, медициналық қызмет сапасы артады деп күтілуде. Қор тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық қызметтердің ақысын төлейтін қаржы операторы міндетін атқаруды жалғастыра отырып, елорда емханалары мен ауруханаларының қызмет сапасын назардан тыс қалдырмайды.

Сонымен бірге, тұрғындар да емдеу мекелерінің қызметін бағалай алады. Ол үшін "Халықтық бақылау" қосымшасын Android платформасына негізделген смартфондарға Playmarket арқылы, ал iOS платформасы үшін AppStore арқылы жүктеп алуға болады. Осы қосымшаның көмегімен пациенттер емханалар мен ауруханаларда көрсетілген қызмет деңгейін, қабылдауға кеткен уақыт, т.б. өлшемдер бойынша бағалап, өз пікірін еркін жазып қалдыра алады.

Өз кезегінде Қор пациенттер пікірін міндетті түрде ескереді және тұрғын халықты да өз денсаулықтарын күтуге шақырады. Өйткені, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмысының алғышарты – дені сау мықты ұлт қалыптастыру.

Айта кетейік, қазіргі уақытта еліміздің денсаулық сақтау саласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі кезең-кезеңмен енгізілуде. Міндетті медициналық сақтандыру пакеті халық үшін 2020 жылдан бастап қолжетімді болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлем жүйесі енгізілді. Ол өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға бағытталған төрт түрлі төлемді – жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, медициналық және әлеуметтік сақтандыру қорына жасалатын жарналарды біріктіреді. Осылайша азаматтар уақыты мен қаржысын үнемдеп қана қоймай, болашақта жеке басына қажетті төлемдерден қол үзбейді.

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13929

Похожие новости