Астанада бір бағытта жүретін жаңа жол учаскелері пайда болады

12 қараша, 2018, 20:10 2187 Астана
Астанада бір бағытта жүретін жаңа жол учаскелері пайда болады

Өзгерістер қаланың оң жағалауындағы екі көшенің бойында енгізілетін болады.

Алдағы күндері елордада бір бағытта жол жүретін жаңа жол учаскелері пайда болады. Өзгерістер қаланың оң жағалауындағы екі көшенің бойында енгізілетін болады, деп хабарлайды BNews.kz Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Бір бағыттағы қозғалыс Бұқарбай батыр көшесінің Жеңіс даңғылынан Әзербайжан Мәмбетов көшесіне дейінгі аралығында және Желтоқсан көшесінің Кенесары көшесінен Бұқарбай батыр көшесіне дейінгі аралығында енгізілмек. Өзгерістер 2018 жылдың 15 қарашасында, яғни бейсенбі күні күшіне енеді", - делінген хабарламада.

Бұл өзгерістерді енгізу қаладағы жол қозғалысын оңтайландыру жұмыстарының бір бөлігі болып табылады. Өзгеріс жол желісіне түсетін жүктемені азайту үшін енгізіліп отыр.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, белгіленген учаскелерге бір бағыттағы қозғалысты енгізу автокөлік ағындарының үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ете отырып, қарсы ағынмен шиеленісу нүктелерін азайту арқасында жол-көлік оқиғаларының санын азайтады деп күтілуде.

Аталған учаскелерде қарама-қарсы бағыттағы қозғалыстағы көліктердің қатысымен бірнеше рет жол-көлік оқиғалары орын алғанын айта кету қажет.

Бұдан бөлек, аталған шаралар бұл көшелердің көлік ағындарын өткізу қабілетін арттырады. Талдауларға сәйкес, бір бағыттағы қозғалыс осыдан бұрын енгізілген көшелердің өткізу қабілеті орта есеппен 30%-ға артқан.

"Сонымен қатар, бір бағытта жол жүретін жаңа учаскелерді енгізу бір бағыттағы қозғалыс желісін қалыптастыра отырып, бұған дейін енгізілген бір бағыттағы қозғалыс учаскелерінің тиімділігін арттырады және №1 мектеп-лицейге жақын жолдарда көлік қозғалысы жүктемесін азайтады", - деп хабарлады қалалық әкімдікте.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 27 қазанында тұрғындардың қатысуымен бір бағытта жол жүруді енгізу туралы қоғамдық тыңдау өткізілді. Қоғамдық тыңдау барысында Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының, Сарыарқа ауданы әкімшілігінің, Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының және "Астана ЛРТ" ЖШС өкілдері тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, аудан тұрғындарының пікірлері тыңдалып, барлық ұсыныстары ескерілді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар